ҰҚК тергеуінде аты аталған Атырау қаласы әкімінің орынбасары қызметінен кетті

АТЫРАУ.KAZINFORM – Атырау қаласы әкімінің орынбасары қызметінде 1,5 жылдан аса уақыт жұмыс істеген, кейін ҰҚК тергеген қылмыстық істе аты аталған Мейіржан Мұқасов қызметінен кетті. Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі лауазымды тұлғаның өз өтініші негізінде жұмыстан босатылғанын растады.

Фото: Атырау қаласының әкімдігі

Қалалық әкімдік Мейіржан Мұқасовтың орнына жаңа орынбасар тағайындалғанын хабарлады.

Енді ішкі саясат, қаржы, экономика және бюджетті жоспарлау, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне бұрын облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасын басқарған Айдулат Кенжебеков жетекшілік етеді.

Фото: Атырау қаласының әкімдігі

Айдулат Кенжебеков 1987 жылы Атырау облысында дүниеге келген. 2008 жылы Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетін «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2008 жылы Атырау облысының Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасында жоспарлау-шарт бөлімінің бас маманы міндетін атқарушы болып бастаған. Кейін осы басқармада бас маман, бөлім басшысы және басқарма басшысының орынбасары қызметтерін атқарған.

2019–2022 жылдары Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары болды. Ал 2022 жылдың желтоқсанынан бастап жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Атырау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасын басқарды.

Еске салайық, бұған дейін ҰҚК Атырау қаласы әкімінің екі бірдей орынбасары Мейіржан Мұқасов пен Тілек Махуовқа қатысты тергеу жүріп жатқанын растағанын жазған едік. 

Қыркүйек айында Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкин қызметінен кетті.

Кейін шаһар басшысы болып «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының басшысы Данияр Таханов тағайындалды.