ҰҚК үш өңірде жүргізуші куәлігін рәсімдеудегі жемқорлық схемасын әшкереледі

АСТАНА. KAZINFORM – Жылдың басынан бері Астана қаласында, Ақмола және Павлодар облыстарында автомектептердің қызметін ұйымдастыру және жүргізуші куәліктерін ресімдеу кезінде заңсыз сыйақы алу және өкілеттіктерді теріс пайдалану фактілері анықталған. Бұл туралы ҰҚК баспасөз қызметі мәлім етті. 

Фото: ҰҚК

— Астана қаласында Мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚКО) басшысының бұрынғы орынбасары жүйелі түрде пара алу арқылы азаматтарға емтихан тапсыруға және жүргізуші куәлігін алуға жәрдемдескені үшін әшкереленді, — делінген хабарламада.

Фото: ҰҚК

Жалпы сомасы 100 млн теңгеден асатын 60-тан астам факті тіркелді. 

— Көкшетау қаласындағы Мамандандырылған ХҚКО және Екібастұз қаласындағы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ филиалдары басшыларының заңсыз әрекеттерінің жолы кесілді. Олардың жалған тұлғалар арқылы емтихан тапсыруды ұйымдастырғаны үшін ақшалай қаражат алғаны анықталды, — деп хабарлады ҰҚК-нен.

Фото: ҰҚК

Бұдан бөлек, Астана, Шымкент және Тараз қалаларындағы «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ филиалдарында жылжымайтын мүлікті қайта тіркеу және ауыртпалықтарды алып тастау кезінде өз өкілеттіктерін теріс пайдаланған лауазымды тұлғалардың заңсыз баю фактілері анықталды.

Аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Еске сала кетейік, бұған дейін ҰҚК Шымкентте Экономикалық тергеп-тексеру департаменті қызметкеріне қатысты тергеуді бастағанын жазған едік.