Жиында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев биыл тоғыз айдың қорытындысы бойынша сауда көлемінің тұрақты өсімі байқалатынын мәлімдеді.
– Физикалық көлем индексі 106,2%-ды құрап, сауда көлемі 61 трлн теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шамамен 16%-ға жоғары. Көтерме сауда 16%-дан асса (40,7 трлн теңге), бөлшек сауда 15%-ға (20,5 трлн теңге) өсті, – деді ол.
Сонымен қатар, қаңтар-қыркүйек айларында еліміздің барлық өңірінде жақсы көрсеткіш сақталды. Тауар айналымының 70%-дан астамы Алматы, Астана, Шымкент қалаларына және Атырау мен Қарағанды облыстарына тиесілі.
Ең жоғары өсім көрсеткендер:
Түркістан облысы – 128,6%;
Шымкент қаласы – 123%;
Алматы облысы – 120,5%;
Павлодар облысы – 118,2%;
Солтүстік Қазақстан облысы – 116,1%.
Министрдің сөзінше, негізгі өсімді он тауар тобы қамтыды. Олар тауар айналымының 70%-дан астамын қамтамасыз етті. Аталған өнімдерге автокөліктер, тұрмыстық техника, фармацевтикалық өнім, сусындар, азық-түлік өнімдері, сондай-ақ құрылыс материалдары сияқты өңделген тауарлар жатады.
Одан бөлек, Арман Шаққалиев сауданың одан әрі өсуін қамтамасыз ету үшін шаралар кешені іске асырылып жатқанын атап өтті.
Елімізде жаңа өнім түрлері шығарыла бастады
Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов те мәлімдеме жасап, саланың даму барысына тоқталды.
– Биыл тоғыз айдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібі 8,6%-ға өсіп, оң динамика көрсетіп келеді. Өндіріс көрсеткіші машина жасау, химия өнеркәсібі, құрылыс материалдары, резеңке және пластмасса бұйымдары өндірісінде, жеңіл өнеркәсіпте және басқа да салаларда өсті, – деді ол.
Вице-министрдің сөзінше, аталған өсімге жаңадан іске қосылған өндіріс орындары әсер етті. Бүгінде жалпы құны, 642 миллиард теңгеден асатын 106 жоба іске қосылып, шамамен 8 мың тұрақты жұмыс орны ашылған. Осы жобалардың нәтижесінде елімізде бұрын өндірілмеген жаңа өнім түрлерін шығару жолға қойылды. Олардың қатарында натрий сульфаты, тамшылатып суару жүйелері, ламинат, кофе машиналарына арналған алюминий капсулалар және басқа да өнімдер бар.
Сонымен бірге, Қуандық Қажкенов биыл құны 1,7 триллион теңге болатын, 200 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отырғанын атап өтті.
Одан бөлек, машина жасау секторы биыл тоғыз ай ішінде 22,8%-ға өсім көрсетті. Осы салада көлік құралдарын, ауыл шаруашылығы және темір жол техникасын, сондай-ақ тұрмыстық техниканы өндіру көлемі артты.
Тоғыз айда шамамен жүз қырық төрт мың автокөлік құралы өндірілді.
Оның ішінде жүз отыз алты мыңнан астамы – жеңіл автомобильдер, мың сегіз жүзге жуығы – автобустар, бес мың сегіз жүзге жуығы – жүк және арнайы техника.
Мұндай өсімге ішкі сұраныстың артуы және бұрын іске қосылған жобалардың жоспарлы өндірістік қуатына жетуі әсер еткен.
– Салаға салықтық және кедендік жеңілдіктер де қосымша қолдау көрсетіп келеді. Атап айтқанда, тұрмыстық техниканы өткізу кезінде қосылған құн салығынан босату шарасы келесі жылдың соңына дейін қолданылады. Осыған байланысты, өндірістегі отандық үлесті арттыру, және Samsung сияқты ірі халықаралық компанияларды тарту үшін осы жеңілдіктің қолданылу мерзімін ұзарту ұсынылады, – деді вице-министр.
Көлік және қойма саласындағы көрсеткіштер
Ал Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров транспорт бағытында атқарылып жатқан шаруаларды баяндады.
– Тоғыз айда көлік және қоймалау саласының нақты көлем индексі 107,2% болды. Жалпы өнім 10%-ға өсіп, 9,6 трлн теңгеге жетті. Саланың негізгі үлесі қоймалау және қосалқы көлік қызметтеріне, теміржол және автомобиль арқылы жүк тасымалдау, сондай-ақ құбыр көлігіне келеді, – деді ол.
Сонымен бірге, өңірлердің басым бөлігінде оң динамика байқалады. Ең жоғары көрсеткіш – Алматы, Жетісу мен Солтүстік Қазақстан облыстарында. Сондай-ақ, Шымкент пен Астанада жақсы нәтиже тіркелді. Ал Батыс Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстарында қоймалау, қосалқы көлік қызметтері және құбыр көлігі бойынша қызметтер көлемі төмендеді.
Ал жүк пен жолаушы тасымалының көлемі жоғарылады. Биыл тоғыз айда теміржол көлігімен 241,7 млн тонна жүк тасымалданып, өткен жылдың сәйкес кезеңінен 3%-ға өсті. Автомобиль көлігімен 270,4 млн тонна жүк тасымалданды. Өсім – 5,6%. Отандық әуе компаниялары 12,4 млн жолаушы тасымалдап, нәтиже 4,2%-ға артты. Еліміз арқылы өтетін транзиттік жүктердің көлемі 13,1%-ға өсіп, 32,6 млн тоннаға жетті.
Сонымен қатар, вице-министр атқарылып жатқан басқа да жұмыстарға тоқталды. Мәселен, тасымал көлемін арттыру үшін теміржол инфрақұрылымы кеңейтіліп жатыр. Жаңа теміржол желілері салынумен бірге, қолданыстағы учаскелер жаңартылуда. Бұл негізгі бағыттарда жүк тасымалын арттыруға мүмкіндік береді және жол жүру уақытын қысқартуға жағдай жасайды. Теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстары да жалғасып келеді. Бүгінгі таңда 101 теміржол вокзалы жаңартылды.
Мақсат Қалиақпаровтың сөзінше, автомобиль жолдары саласында да жаңа жобалар бар.
– Ақтөбе – Қызылорда, Бейнеу – Сексеуіл, Сарыағашты айналма жолы, Орталық – Батыс және Қарағанды – Жезқазған бағыттары бойынша жұмыстар басталды. Сонымен қатар, жыл соңына дейін Қызылорда – Жезқазған, Жаңаөзен – Түрікменстан шекарасы, Ақтөбе – Ұлғайсын және Петропавловск – Ресей шекарасы бағыттарында көлік қозғалысы ашылады, – деді ол.
Бұдан басқа, жолдардың сапасына ерекше назар аударылып отыр. Осы бағытта жергілікті жолдарды жоспарлау мен бюджетті тиімді пайдаланудың үш жылдық тәсілі енгізіліп, жобалау және құрылыс сапасына қойылатын талаптар күшейтілді.
Сондай-ақ, жол-құрылыс материалдарының электрондық базасы жасалып, олардың сапасын бақылауды күшейтуге мүмкіндік беретін «Е-Жолдары» ақпараттық жүйесі құрылды.
Әуе саласындағы нәтижелер де айтуға тұрарлық. Мәселен, 20 жаңа халықаралық бағыт ашылды. Одан бөлек, Балқаш, Арқалық, Павлодар және Ақтау әуежайлары жаңартылды.
Айта кетейік, бұған дейін Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мұнай өндіру төмендесе де экономика 4,2 пайыз өскенін мәлімдеген еді.