Еске салайық, Вице-Президент Ерлан Қарин Құрылтайдағы партия фракцияларының жетекшілерімен кездесіп, Президент Жолдауындағы стратегиялық бастамаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.
Ерлан Қарин Президент сөйлеген сөзінде келер ұрпақтың мүддесі үшін жүзеге асырылатын жүйелі өзгерістерге баса назар аударғанын атап өтті. «Халықтық құрылыс» міндеттері халықтық цифрлық экономиканы дамытумен тығыз сабақтастырылып, Жолдаудың өн бойынан көрініс тапты. Мемлекет күш-жігерін бүкіл азаматтық инфрақұрылымды жаңғыртудың іргелі мәселелеріне шоғырландырып отыр.
Вице-Президенттің айтуынша, мемлекет қордаланған жүйелі проблемаларды біртіндеп шешіп, болашақтағы дамудың берік негізін қалауда.
— Президент Жолдауда стратегиялық маңызы бар жаңа бастамаларды көтерді. Олар Құрылтай тарапынан сапалы заңнамалық қамтамасыз етуді талап етеді. Осы бағытта партия фракцияларымен бірлесіп, тиімді жұмыс істеуге дайынбыз, — деді Ерлан Қарин.
Партия фракцияларының жетекшілері Жолдауда көтерілген бастамаларды қолдап, ашық әрі сындарлы ынтымақтастыққа және бірлескен жұмысқа дайын екенін мәлімдеді.
Сонымен қатар, кеше Құрылтай отырысында Төраға Айбек Дәдебай Президент Жолдауының маңызы жөнінде мәлімдеме жасаған еді.
Оның сөзінше, Мемлекет басшысының Жолдауы — еліміздің жаңа жағдайдағы алдағы нақты нақты даму бағдарын айқындайтын бағдарламалық құжат.
— Бұл — Конституция қабылданып, бүкіл саяси жүйе жаңғыртылғаннан кейінгі алғашқы жолдау. Енді Мемлекет басшысы жаңа саяси институттардың алдына нақты міндеттер қойып отыр, яғни — жүргізіп жатқан реформаларды нақты мазмұнмен байытып, олардың жүзеге асырылуын қамтамасыз ету. Осы орайда, Құрылтай депутаттарына да зор үміт артып отыр, — деді Айбек Дәдебай.
Сонымен қатар, Президентіміздің басты назарында әрдайым адам, оның әл ауқаты және өңірлерді дамыту мәселелері тұрғанын атап өтті. Құрылтай Төрағасының сөзінше, әрбір қазақстандық жолдаудан өзі үшін маңызды шешімдерді таба алады. Ең бастысы, жолдау еліміз бен азаматтардың игілігі жолында барлық мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың жүйелі әрі қарқынды жұмыс істеуіне тың серпін береді. Президент ұзақ уақыт бойы тиісті шешімін таппай келген түйткілді мәселелерге тағы да нақты жауап берді. Олар еліміздің алдағы ұзақ жылға арналған табысты әрі орнықты дамуының берік негізін қалады.
Мемлекет басшысының Жолдауына қатысты тек лауазымды тұлғалар ғана емес, әртүрлі сала мамандары да үн қосып, ой бөлісіп жатыр.
Мәселен, Астана қаласындағы № 101 мектеп директорының орынбасары Қуанар Мейман Президент Жолдауындағы білім беру саласына қатысты бастамаларға пікір білдірді.
Оның айтуынша, мұғалімдерді артық құжаттамадан босату, мектептердің материалдық базасын нығайту және балаларды жауапкершілікке тәрбиелеу маңызды.
— Білім беру саласындағы қағазбастылықты азайтып, мұғалімдерді артық жұмыстан босату — өзекті мәселелердің бірі. Өйткені ұстаздың басты міндеті — құжат толтыру емес, балаға сапалы білім беріп, саналы әрі жауапкершілігі жоғары ұрпақ тәрбиелеу. Сонымен қатар оқушы мен мұғалім арасындағы өзара түсіністік пен сыйластықты нығайту маңызды. Бұл қағидалар «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының құндылықтарымен де үндеседі, — деді ол.
Қуанар Мейманның сөзінше, білім беру саласын дамыту үшін мұғалімдердің жағдайын жақсартумен қатар, мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту және заманауи білім беру ортасын қалыптастыру қажет.
Осы орайда айта кетейік, соңғы жеті жылда білім саласына бөлінетін қаржы үш есе артып, 6,4 триллион теңгеге жетті. Соңғы бес жылда 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1120 мектеп салынды. Сонымен қатар 5 мыңнан астам ауыл мектебінің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, білім беру ұйымдарында 7 мыңнан астам заманауи пән кабинеті жабдықталған.
Ал Қуанар Мейман Президенттің келесі жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауы білім беру инфрақұрылымын дамытуға да серпін беретінін айтады. Оның пікірінше, бұл өскелең ұрпақтың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына жағдай жасау бағытындағы жұмыстардың жалғасатынын көрсетеді.
Еске салайық, бұған дейін Президент Жолдауындағы экономикалық басымдықтар елге қандай мүмкіндік беретіні жөніндегі сарапшы пікірін жариялағанбыз.