Күн тәртібіне шығарылған мәселе қаралып болғаннан кейін БАҚ өкілдеріне баспасөз конференциясы ұйымдастырылады. Онда Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов пен ️«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов тілшілер сауалына жауап береді.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасымен және Қазақстан Үкіметінің қолдауымен 2030 жылға дейін теміржол саласының инфрақұрылымын дамытуға 10 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция салынады. Бүгінде елімізде 1 800 шақырым жаңа теміржол желісі салынып, 3 000 шақырым жол жаңғыртылып жатыр. Өткен жылы Достық-Мойынты учаскесінде екінші жол мерзімінен бұрын пайдалануға берілді. Бұл аталған учаскенің өткізу қабілетін тәулігіне 12-ден 60 жұп пойызға дейін арттыруға жол ашты.
Биыл жылдың соңына дейін тағы 500 шақырым теміржол құрылысы аяқталады. Алдағы 4 жылда тағы 5 мың шақырым жаңа теміржол салу жоспарланған. Оның ішінде Орталық Азия бағытына транзиттік ағынды арттыруға арналған Дарбаза-Мақтаарал жобасы бар. Сондай-ақ Транcқазақстандық теміржол дәлізін қалыптастыратын Мойынты-Қызылжар жобасының да орны ерекше. Ал 2027 жылы Қытаймен жаңа шекаралық өткел және Аягөз-Бақты теміржол учаскесі ашылғаннан кейін 2035 жылға қарай Қытаймен жүкті қайта тиеу қуаты 100 млн тоннаға дейін ұлғайтылады.
Бүгінде еліміздегі 124 теміржол вокзалы жаңғыртудан өтіп, жаңадан салынып жатыр. Қазіргі уақытта Көкшетау, Бурабай курорты, Қонаев, Көктума, Ақши, Манкент және Балқаш-2 вокзалдарында жұмыстар аяқталды. 1 шілдеге дейін 30 вокзал пайдалануға беріледі. Сонымен қатар жолаушылар вагондары жаңартылып жатыр. Былтыр 175 жаңа вагон сатып алынды. Биыл тағы 191 вагон алу жоспарланған. 2030 жылға дейін жолаушылар вагондарының 90 пайызы жаңартылады.
Естеріңізге сала кетсек, өткен аптадағы Үкімет отырысында туризм саласын дамыту мәселесі қаралды. Отырыстың басты тақырыбы бойынша негізгі баяндама жасаған Спорт және туризм министрі Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, Бүгінде салада 600 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Салық түсімдерінің көлемі 18%-ға артып, 630 млрд теңгеге жетті. Шетелдік туристердің шығындары 2,9 млрд АҚШ долларын құрады. Туризм саласына тартылған инвестициялар көлемі өткен жылмен салыстырғанда 33%-ға өсіп, 1,3 трлн теңгені құрап отыр.
Экологиялық туризм саласында тұрақты өсім байқалады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ұлттық парктерге келушілер саны 3,7 миллион адамға жетті.
Экспорттық әлеуеті жоғары бағыттардың бірі – конгрестік-іскерлік туризм. Өткен жылы елімізде 13 халықаралық іс-шара өткізіліп, экономикаға шамамен 18 млн АҚШ доллары көлемінде пайда әкелді.
- Саланың өсуіне серпін беретін перспективалы бағыттардың бірі – медициналық туризм. Қазақстанның басты артықшылығы – көрсетілетін қызметтердің жоғары сапасы мен қолжетімді құнының үйлесуі. Өткен жылы Қазақстан шамамен 80 мың шетелдік пациентті қабылдады. Отандық 10 медициналық ұйым халықаралық JCI аккредитациясына ие, - деді ол.
Министрдің айтуынша, еліміздің бірегей туристік өнімдерінің тағы бірі – әлемдегі алғашқы әрі ең ірі ғарыш айлағы Байқоңыр кешені. Байқоңыр кешенінде туризмді дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілді. Оны іске асыру аясында шетелдік туристер үшін рұқсат алу мерзімі 10 күнге дейін қысқартылды. Бұл кешеннің қолжетімділігін арттырды және туроператорлардың ұшыру мен ұшыруаралық бағдарламаларды дамытуына мүмкіндік берді.
Ал Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев министрлік қарамағындағы барлық 13 ұлттық парк бойынша халықаралық тәжірибені ескере отырып, экотуризмді дамыту тұжырымдамалары әзірленіп, бас жоспарлар бекітілгенін айтады.
- Бірқатар парк бойынша құжаттар жаңа инвестициялық жобаларды ескере отырып түзетілген. Туристерге қолайлы жағдай жасау және жұмыстың ашықтығын арттыру үшін саланы цифрландыру жүргізіліп жатыр. Өз қаражаты есебінен 6 ұлттық паркте 14 бақылау-өткізу пункті автоматтандырылды. Тағы 11 пункт бойынша жұмыс осы жылы жалғасады. Олардың жұмысына мониторинг пен бақылау ұлттық парктердің бас кеңселерінде жүзеге асырылады және Орман шаруашылығы комитетінде қайталанады, - деді ол.
Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің мәліметінше, қазір туристік аймақтарда 42 өрт сөндіру бөлімі және 9 құтқару станциясы жұмыс істеп тұр.
Соның ішінде Алакөл, Бурабай, Үлкен Шабақты, Шалқар, Имантау, Пестрое, Көлсай көлдерінде орналасқан. Алдағы уақытта 9 әмбебап бөлімше ашылып, 6 құтқару станциясы Балқаш көлінің, Қапшағай, Бұқтырма су қоймаларының жағасында, Баянауыл курорттық аймағында іске қосылады.
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев жаңа туристік маусым қарсаңында ел әуежайларының жай-күйіне тоқталды. Оның айтуынша, Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарында жаңа әуежайлар салынып жатыр. Арқалық қаласының әуежайы қалпына келтірілуде. Балқаш әуежайы күрделі жөңдеуден өтіп, туристерді қабылдауда. Үржар әуежайы жұмыс істеп тұр, биыл ондағы терминалды жаңғырту жұмыстары басталды. Жыл соңына дейін әуе паркіне тағы 6 ұшақ қосылады. Ал 2030 жылға қарай ұшақтар саны 160-қа жетеді.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов туризмді дамыту үшін шетелдік қонақтардың елге келуі мен Қазақстанда болу тәртіптері жеңілдетілгенін атап өтті.
— Көші-қон қызметтерінің ауқымын кеңейту мақсатында QazETA мобильді қосымшасы әзірленуде. Оның көмегімен шетелдіктер ЖСН алуға және көші қон саласындағы көптеген қызметтерге қол жеткізе алады. Қазір Парламентте тиісті түзетулер қаралып жатыр, — деді сала министрі.
Жиынды қорытындылаған Премьер-министр Олжас Бектенов өңірлердегі туристік нысандардағы инфрақұрылым мен қызмет көрсету саласында оң серпін болғанымен жеткіліксіз екендігін баса айтты. Сондықтан жауапты министрліктер мен өңір әкімдерінің назарын бірқатар нақты мәселеге аударды.
- Халықтың тарапынан танымал әрі шалғайдағы туристік бағыттарға көлікпен қатынаудың қиындығы туралы шағымдар келіп түсуде. Әуе және теміржол билеттерінің тапшылығы мен бағасының қолжетімділігі де алаңдаушылық туғызады. Көлік министрлігі әуе компанияларымен және «Қазақстан темір жолымен» бірлесіп, демалушылар үшін қолайлы бағамен танымал курорттық бағыттарға рейстердің және орындар санын арттыру шараларын қабылдасын, - деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысының айтуынша, Экология министрлігі 10 облыста инвестициялық әлеуеті жоғары негізгі ұлттық парктерді айқындады. Сондай-ақ парктерді дамытуға мүдделі инвесторлар да бар. Сондықтан барлық тиісті мемлекеттік органдар басы артық бюрократиясыз, оларды тез арада жүзеге асыру үшін жан-жақты қолдау көрсетуі тиіс.
- Туристік маусымның нағыз қызған шағында демалушыларды орналастыру үшін орын тапшылығы қатты байқалады. Көптеген адамдар арнайы жабдықталмаған демалыс орындарын пайдалануға мәжбүр. Өңір әкімдіктері шұғыл түрде шатырлар мен автоүйлерде кемпингтік демалысқа арналған тұрақтардың немесе алаңдардың тиісті инфрақұрылымын қамтамасыз етуі қажет. Туризм саласы қарқынды дамыған елдерде демалыс сапасы көбіне жайлы қонақ үйлермен немесе әралуан туристік бағыттармен, экскурсиялық бағдарламалармен ғана емес, келушілерге күнделікті қызмет көрсететін мамандардың кәсіби деңгейімен де айқындалады. Бұл жергілікті тұрғындардың қонақжайлық қасиетіне де тікелей байланысты. Осы орайда, Туризм министрлігіне әкімдіктермен және туристік компаниялармен бірге өз жұмыстарында демалушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға баса назар аударуды тапсырамын, - деді Үкімет басшысы.