Үкімет жылыжай көкөністері, ет және сүт өнімдерінің бағасын тұрақтандыру шараларын қарады

АСТАНА. KAZINFORM- Маусымаралық кезеңде қияр мен қызанақ, ет және сүт өнімдерінің бағасын тұрақтандыру үшін Үкіметте қосымша шаралар қаралды. Атап айтқанда, ірі жылыжай шаруашылықтарын электр энергиясының бөлшек сауда тарифіне көшіру мүмкіндігі, ет экспортын реттеу тетіктері және сүт өндірушілер мен өңдеушілер арасындағы бағаны тұрақтандыру жөніндегі келісімдер талқыланды.

Фото: Үкімет

Ішкі нарықты азық-түлікпен қамтамасыз ету және бағаның өсуін тежеу мәселелері Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте қаралды.

Қазан айының қорытындысы бойынша азық-түлік бағасының айлық өсімі 0,2%-ды құрады. Ал жылдық азық-түлік инфляциясы қыркүйектегі 8,5%-дан қазанда 7,6%-ға дейін баяулады.

Жиында қаралған негізгі мәселелердің бірі – маусымаралық кезеңде әдетте қымбаттайтын қияр мен қызанақ бағасын тұрақтандыру. Сауда және интеграция министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі өнім бағасының өсуін тежеу жөнінде келіссөздер жүргізу үшін 40 ірі жылыжай шаруашылығын анықтады.

Фото: Үкімет

Атап айтқанда, электр энергиясын көтерме нарықтан сатып алатын 14 ірі жылыжай шаруашылығын бөлшек сауда тарифіне көшіру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Энергетика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, тиісті тетікті әзірлеу тапсырылды. Өз кезегінде бұл кәсіпорындар қияр мен қызанақтың өндірушіден алу бағасын тұрақтандыру бойынша міндеттемелер қабылдауы тиіс.

Халықтың ет өнімдерін қолжетімді бағамен сатып алуына мүмкіндік жасау үшін өңірлерде «Соғым-FEST» мамандандырылған ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткізу тәжірибесі кеңейтіліп жатыр. Мұндай жәрмеңкелерде тұрғындар етті делдалсыз, тікелей өндірушілерден сатып ала алады. Сонымен қатар ішкі нарықты ет өнімдерімен жеткілікті көлемде қамтамасыз ету мақсатында сиыр және қой етінің экспортын реттеудің қосымша тетіктері қаралды.

Кеңесте сүт өнімдерінің бағасына да ерекше назар аударылды. Салалық министрліктің мәліметінше, жыл басынан бері шикі сүттің бағасы 6,4%-ға, сүт өнімдерін өндірушілердің босату бағасы 5,4%-ға, ал тұтыну бағасы 5,8%-ға өскен. Бағаның одан әрі қымбаттауын тежеу үшін шикі сүт өндірушілер мен сүт өңдеу кәсіпорындары арасында келісімдер бекіту, оның ішінде бағаны тұрақтандыру жөнінде меморандумдар жасасу ұсынылды.

Фото: Үкімет

Сондай-ақ жиында азық-түлік инфляциясын бақылауға арналған ақпараттық жүйе таныстырылды. Жүйе тауар топтары мен өңірлер бойынша баға өзгерісін қадағалауға, әлеуметтік маңызы бар және басқа да азық-түлік тауарларының инфляцияға әсерін бағалауға, сондай-ақ өнімдердің қымбаттауына ықпал ететін негізгі себептерді анықтауға мүмкіндік береді.

Кеңес қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдарға баға мониторингін күшейту, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткізу тәжірибесін кеңейту және ішкі нарықта азық-түлік тауарларының жеткілікті көлемде болуын қамтамасыз ету шараларын қабылдау тапсырылды.

Осыған дейін азық-түліктің әлемдік бағасы өсіп келе жатқаны туралы жаздық.