Үкіметте ауыл халқының денсаулығын жақсартуға бағытталған жоба нәтижесі қаралады
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін сағат 10:00–де Үкіметтің кезекті отырысы өтеді. Онда Министрлер кабинетінің мүшелері 2 мәселені талқыға салуды көздеп отыр.
Нақтырақ айтқанда, Үкімет отырысының күн тәртібіне мына мәселелер шығарылады:
— «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының іске асырылу барысы;
— құрылыс саласын цифрландыру және қала құрылысы кадастры.
Бірінші мәселе бойынша Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова негізгі баяндама жасайды.
Ақмарал Шәріпбайқызы ауылдық елді мекендерде медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету ұйымдары нысандарын салу барысы жайлы жан-жақты есеп беріп, өңірлерді тапшы мамандармен қамтамасыз ету және әлеуметтік қолдау мәселесіне тоқталады. «Алтын уақыт» қағидаты бойынша шұғыл медициналық көмек көрсету мақсатында барлық көпбейінді орталық аудандық ауруханалар жоғары технологиялық медициналық техникамен қамтамасыз етілетінін атап өтеді.
Ауыл тұрғындары үшін медициналық көмекті жақсарту жобасы аясында ауруларды ерте анықтау мақсатында бүйректің, асқазан-ішек жолдарының, тыныс алу ағзаларының, қуықасты обырының кеңейтілген скринингі енгізілді. Шалғайдағы ауылдар мен станциялардың тұрғындары жылжымалы медициналық кешендердің қызметтерін пайдалана алды. Олар мамандардың 1,4 млн консультациясын алды, 107 мың науқас анықталды. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін бастауыш медициналық ұйымдардың базасында 72 дәріхана пункті және ауылда 161 жеке дәріхана ашылды. Денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативі қайта қаралды. Соның арқасында 50 адамға дейінгі ауылдық елді мекендер бір медицина қызметкерімен қамтамасыз етілді, тұрғындардың саны 500 адамнан асатын ауылдарда медициналық персонал саны үш бірлікке дейін ұлғайды.
Ал Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов құрылыс саласындағы бірыңғай цифрлық экожүйенің қалыптасуына және сапасы мен ашықтығын арттыруға септігін тигізетін шараларға тоқталады. Оның ішінде құрылыс айналымының өмірлік циклі кезеңдерін қамтитын бірыңғай портал құруға, қала құрылысы қызметінің ашықтығын, қала жобаларын әзірлеу мен іске асырудың сәйкестігін қамтамасыз ету мақсатында нысанның бірегей нөмірін енгізуге, Е-Qurylys мүмкіндігіне қатысты жайттар сөз болады.
Естеріңізде болса, өткен жылдың 7 ақпанында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізді экономикалық-әлеуметтік дамыту ісінде маңызды рөл атқаратын құрылыс саласының тиімсіз басқарылуы өте өзекті мәселе болып тұрғанына назар аудартқан еді.
— Қазір құрылыс саласында бірнеше ақпараттық жүйе бар. Осындай тәсілдер арқылы бөлінген қаражаттың мақсатқа сай жұмсалуын қамтамасыз ету қажет, яғни барынша ашық және қатаң бақылау болуға тиіс. Бұл — өте маңызды мәселе. Себебі қаржының ұрлануы, ең алдымен, құрылыстың сапасына әсер етеді және бюджетке қосымша салмақ салады. Ақшаға цифрлық теңге арқылы ен салу және оны қадағалау, басқаша айтқанда, «ақшаны бояу» бюджет қаражатының жұмсалуын бақылайтын өте маңызды тетік болуы мүмкін. Бүгінде цифрлық валютаны қолдануға қатысты пилоттық жобалар тиімді жүзеге асырылып жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне Үкіметпен және Ұлттық банкпен бірлесіп, осындай жобалардың ауқымын кеңейтуді, оның ішінде құрылыс саласына барынша енгізуді тапсырамын, — деген еді Президент.
Отырыс біткеннен кейін баспасөз мәслихаты өткізіледі. Онда Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап береді.
Үкімет отырысының тікелей таратылымын PrimeMinister.kz сайтынан, YouTube ресми арнасынан, Facebook әлеуметтік желісінен, сондай-ақ UKIMET Telegram-каналынан көруге болады.
Баспасөз конференциясының тікелей таратылымы YouTube ресми арнасы мен Facebook әлеуметтік желісінен көрсетіледі.
Айта кетейік, өткен аптадағы Үкімет отырысында газ саласын дамыту мен цифрландыру мәселелері мен ЮНЕСКО аясында мәдени мұраны сақтау және ілгерілету шаралары қаралған. Онда Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов ірі инфрақұрылымдық жобалар мен газ есептеу жүйелерін цифрландыру барысына тоқталды. Осы орайда Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстан өзінің газ қорын тиімді игеру үшін тиісті министрліктер жүйелі жұмыс істеп, ұзақ мерзімді стратегия құра білуі керектігін баса айтты.
— Біздің еліміздің «көгілдір отын» бойынша әлеуеті зор. Табиғи газ қорының расталған көлемі шамамен 4 триллион текше метр. Алайда, оны игеру үшін жүйелі тәсілдер мен жаңа инвестициялар, заманауи инфрақұрылым және ұзақмерзімді стратегия қажет, — деді ол.
Ал Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева еліміздің тарихи-мәдени мұрасын заманға сай жаңғырту жөнінде Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасы аясында істеліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Осы мәселеге қатысты Үкімет басшысы Олжас Бектенов Мәдениет министрлігіне ЮНЕСКО аясында мәдени мұраны сақтау және ілгерілету жөніндегі алдағы кезеңге арналған кешенді жоспар жобасын әзірлеп, 1 қыркүйекке дейін Үкімет қарауына енгізуді тапсырды. Сондай-ақ, Мәдениет министрлігі мүдделі органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, тарих және мәдениет ескерткіштеріне түгендеу жүргізіп, биылғы 1 тамызға дейін тиісті құжаттарды ЮНЕСКО-ға жіберуі қажет. Түркістан, Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстарының әкімдіктері 15 қыркүйекке дейін дүниежүзілік мұра объектілерінің аймақтарын мемлекеттік жер кадастрының ақпараттық жүйесіне енгізуге тиіс.
− Туризм министрлігі Мәдениет министрлігімен бірге мәдени мұра объектілері мен элементтерін ескеретін туристік маршруттарды әзірлеп, іске қоссын. Сондай-ақ, Цифрландыру министрлігімен бірлесіп, ЮНЕСКО тізімдеріне енгізілген объектілер мен элементтер бойынша цифрлық танымдық өнімдер жасауы қажет, − деді Олжас Бектенов.
Айта кетелік кеше Қанат Бозымбаев «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» Ұлттық жобасын жүзеге асыру барысын тексерген еді.