Кеңес барысында компаниялардың ағымдағы қызметі және алдағы кезеңге арналған жоспарлар туралы есептер тыңдалды. Қатысушылар мұнай-газ секторын дамыту, газ саласын дамыту, сондай-ақ еліміздің теміржол және автожол инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы стратегиялық мәселелерді қарады.
«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ қызметіндегі басым бағыттар — геологиялық барлау жұмыстарын ұлғайту, ресурстық базаны толықтыру және мұнай өндірудің тұрақты деңгейін қамтамасыз ету. Қолданыстағы кен орындарында мұнай өндіруді арттыру, экспорттық инфрақұрылымды дамыту және мұнай жеткізу маршруттарын әртараптандыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді. Сонымен қатар мұнай өңдеу зауыттары қуаттарын жаңғыртуға және кеңейтуге, ішкі нарықты мұнай өнімдерімен, оның ішінде авиаотынмен үздіксіз қамтамасыз ету және мұнай-газ химиясы саласын дамыту жобалары қаралды.
QazaqGaz компаниясы қазір өңірлерді газбен қамтамасыз ету, магистралды газ құбырлары мен газ өңдеу зауыттарын салу мәселелерімен бетпе-бет келіп отыр. Кеңесте газ тасымалдау жүйесін жаңғырту, технологиялық шығындарды азайту, ресурстық базаны дамыту және ішкі тұтынушыларды газбен сенімді қамтамасыз ету шаралары жеке қаралды.
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының қызметі жылжымалы құрамды жаңарту, теміржол вокзалдарын жаңғырту, өндірістік процестерді цифрландыру және жолаушылар мен жүк жөнелтушілерге көрсетілетін қызмет сапасын арттыру тұрғысынан қаралды.Транзиттік дәліздерді дамытуға, нысандарды салу мен жаңғырту мерзімдерін сақтауға, мемлекеттік органдармен, жергілікті атқарушы органдармен және мердігерлік ұйымдармен өзара үйлестіруді күшейтуге ерекше назар аударылды.
Өз кезегінде «ҚазАвтоЖол» ұлттық комапниясында Мемлекет басшысының автомобиль жолдарының ұлттық желісін дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау қорытындылары ұсынылды. Халықаралық және республикалық маңызы бар автожолдардағы ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру барысы, сондай-ақ жол инфрақұрылымын күтіп ұстау, жөндеу және жаңғырту мәселелері қаралды. Құрылыс жұмыстарының сапасына, транзиттік дәліздердегі «тар тұстарды» жоюға және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға ерекше назар аударылды.
Талқылау барысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары стратегиялық жобаларды уақтылы іске қосу, өндірістік инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, сондай-ақ инвестициялық қызметтің тиімділігін арттырудығ маңыздылығын атап өтті.
— Нұрлыбек Нәлібаев мұнай-газ кешенін озық қарқынмен дамыту, газбен қамту деңгейін арттыру, энергетикалық қауіпсіздік пен ішкі нарық тұрақтылығын қамтамасыз ету, жобалардың сапалы әрі уақтылы орындалуы, тасымалдау үдерісінің тиімділігін арттыру, қозғалыс қауіпсіздігін нығайту және елдің көліктік-логистикалық әлеуетін дамытуға бағытталған нақты нәтижелерге қол жеткізудің маңыздылығына тоқталды, — делінген хабарламада.
Кеңес қорытындысы бойынша жоспарлы көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз етуге, жобаларды жүзеге асыруды жеделдетуге, салаға қатысушылар арасында үйлестіруді күшейтуге және мұнай-газ, көлік секторларын одан әрі дамыту жөнінде ұсыныстар дайындауға бағытталған тиісті тапсырмалар берілді.
Осыдан бұрын Нұрлыбек Нәлібаев Қарағанды облысының негізгі жобаларымен танысқанын жазғанбыз.