Үкіметтің арнайы келісімдер жобасына кәсіпорындар неліктен қызығушылық танытпайды

Коллаж: Kazinform/Freepik

АСТАНА. KAZINFORM – Еуропа қайта құру және даму банкі өз ресурстары есебінен шетелдік инвестицияларды тартуға және өсу стратегияларын іске асыруға қабілетті кемінде тиімділігі жоғары 70 кәсіпорынды қолдауға ниетті. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігінен мәлім етті.

Айта кетейік, жыл басында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев келешегі зор әрбір орта кәсіпорынның жұмыс жоспарын әзірлеуді тапсырған еді

- Ірі өнеркәсіп жобаларын іске қосу жұмыстары баяу жүріп жатыр. Мұны активтерді қазынаға қайтару ісімен қатар жүргізу қажет. Мен бұл жөнінде ірі бизнес өкілдерімен кездесулерде айтқанмын. Қазақстанда орта буынға жататын көшбасшы компаниялар шоғырын қалыптастыру міндеті әлі де өзекті. Үкімет биылғы маусым айының соңына дейін келешегі зор әрбір орта кәсіпорынның жұмыс жоспарын әзірлеуге тиіс, - деген еді Мемлекет басшысы.

Осы мәселеге орай Ұлттық экономика министрлігіне сауал жолдаған едік. Ведомствоның атап өтуінше, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өндірісті 2-3 есеге ұлғайтуға бағытталған нақты жоспарды (арнайы келісімді) әрбір табысты жұмыс істеп тұрған орта кәсіпорынға қатысты әзірлеу аясында Үкімет кешенді жұмыс жүргізген. Осы жұмыс аясында бұрын мақұлданған өлшемшарттарға сәйкес келетін (орта кәсіпкерлік субъектісі, өнім өндіру және/немесе қайта өңдеу саласына тиесілілігі, төленген салықтар, табыс және еңбекақы қорының өсуі) орта бизнестің 360 кәсіпорны алдын ала іріктеп алынған.

- Іріктелген компаниялармен өндірісті кеңейту, кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және жаңа нарықтарға шығуын қамтамасыз етуге бағытталған даму стратегияларын айқындау мақсатында жергілікті атқарушы органдар мен «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палаталарының алаңдарында бірқатар сессия өткізілді. Бұл өз кезегінде өндіріс көлемін 2-3 есеге ұлғайтуға алғышарт бола алады. Алайда, өткізілген талқылаулардың қорытындысы бойынша кәсіпорындар тарапынан арнайы келісімдер жобаларына қатысуға жоғары қызығушылық байқалмады. Бұл жағдай мемлекеттік қолдау шаралары аясында кепілдендірілген қаржыландыру мен өткізу нарықтарының болмауымен байланысты, - деді министрліктен.

Осыған байланысты жүйелі әрі кешенді тәсілді іске асыру мақсатында 2025 жылғы қаңтарда Үкімет атынан министрлік пен Еуропа қайта құру және даму банкі арасында қол қойылған келісім аясында орта кәсіпорындардың инвестициялық тартымдылығын арттыру жөніндегі бірлескен шараларды іске асыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілген.

Фото: primeminister.kz

Бағдарламаның мақсаты – даму әлеуеті жоғары орта кәсіпорындарды қолдау арқылы олардың жедел өсуіне, тиімділігіне және бәсекеге қабілеттілігіне қол жеткізу, сонымен қатар инвестицияға дейінгі және инвестициядан кейінгі кезеңдерде нәтижелілікті арттыру.

- Еуропа қайта құру және даму банкі өз ресурстары есебінен шетелдік инвестицияларды тартуға және өсу стратегияларын іске асыруға қабілетті кемінде 70 жоғары тиімді кәсіпорынды қолдауға ниетті. Бағдарламаның пилоттық кезеңі осы жылы іске қосылады, - деді Ұлттық экономика министрлігінен.

Бағдарлама аясында:

  • Еуропа қайта құру және даму банкі бенефициарлардың дамуы мен кеңеюіне топтық оқыту және консалтинг, сондай-ақ жеке бейімделген құралдар ұсыну арқылы қолдау көрсетеді;
  • Кәсіпорындарды сапалы іріктеу мен қажетті қамтуды қамтамасыз ету үшін «иірім» қағидаты қолданылатын болады. Бұл құрал аталған банк тарапынан шағын және орта бизнес субъектілеріне үзіліссіз қолдау көрсетуді және консалтингтік қызмет көрсетуші компаниялар мен жоғары білікті шетелдік сарапшыларды тарту арқылы іске асырылады;
  • Акселерациялық құралдардың бенефициарлары Еуропа қайта құру және даму банкінің басқа бағыттарындағы гранттық қаржыландыру шектеулеріне қарамастан, жергілікті консалтингтік жобалар үшін 75 пайыз және халықаралық жобалар үшін 90 пайыз көлемінде ұлғайтылған гранттық тең қаржыландыру мүмкіндігіне ие болады;
  • Келісім аясында кәсіпкерлер үшін салалық көрмелерге (соның ішінде шетелдік) қатысу мүмкіндігі және шетелдік серіктестерді іздеу бойынша қолдау көрсетіледі.

- Мұндай жобалық тәсіл сапалы өнім өндіретін, ішкі нарықты толықтыратын, өндіріс көлемін бірнеше есеге ұлғайта алатын және сыртқы нарықтарға шығуға қабілетті мықты әрі бәсекеге қабілетті компанияларды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта жоғарыда аталған өлшемшарттарға сәйкес келетін 70 кәсіпорын іріктелді, - деді ведомстводан.

Естеріңізге сала кетсек, Ұлттық экономика министрлігі «Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың кейбір шаралары туралы» бағдарламаны 2015 жылдан бастап іске асырып келеді. Осы уақытқа дейін 1 500-ден астам жоба жүзеге асырылды. Олардың ішінде бүгінде даму үстіндегі Viva Pharm (химия өнеркәсібі), «KazFerroGroup» ЖШС (шойын, болат және ферроқорытпа өндірісі), Тәп-тәтті, Ваниль, Happy Cake сынды табысты кәсіпорындар бар.

Еуропа қайта құру және даму банкі бағалауынша, жобалардың тиімділігі орта есеппен қаржылық жыл басталғаннан кейін 1,5-2 жыл ішінде бағаланады және жобалардың 80 пайызы табысты болады. Нәтижесіндегі мультипликативтік әсері келесідей: 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Компаниялардың жылдық айналымы 36 пайызға артты. Экспорт көлемі 49 пайызға ұлғайды және кәсіпорындардың шамамен 17 пайызы ірі кәсіпкерлік санатына өтті.