Оның айтуынша, қазір алаяқтарды анықтау үшін шетелдік әріптестермен тұрақты байланыс орнатылып, ақпарат алмасу тетігі жолға қойылған. Соның нәтижесінде бірлескен арнайы операциялар өткізіліп жатыр.
– Биыл 31 наурызда Украина полициясымен бірлесіп ауқымды арнайы операция өткізілді. Операция барысында Днепр қаласында орналасқан, қазақстандықтарды алдаумен айналысқан 3 call-орталықтың қызметі тоқтатылды, - деді Жандос Сүйінбай.
Департамент басшысының мәліметінше, арнайы операция кезінде 53 шетел азаматы ұсталып, оның 8-і қамауға алынған. Тергеу барысында 160-тан астам қазақстандық жәбірленуші анықталды. Оларға келтірілген шығын Украина сотының шешімімен өтеледі.
Жандос Сүйінбай алдағы уақытта да бірқатар мемлекетпен интернет-алаяқтыққа қарсы осындай бірлескен операциялар жалғасатынын айтты.
Сонымен қатар халықаралық ынтымақтастықты кеңейту үшін компьютерлік қылмыстар туралы Будапешт конвенциясын және Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл жөніндегі БҰҰ конвенциясын ратификациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
– Бұл құжаттар киберқылмысқа қатысты ақпаратты шетелдік құқық қорғау органдарынан жедел алуға мүмкіндік береді, - деді ол.
Айта кетейік, биыл Алматыда 4 мыңнан астам шетелдік жауапқа тартылғаны хабарланған еді.