Ұлдана Мырзуан ісі: Қасбеті құлаған үйде жаңа жарықшақтар пайда болды

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот отырысында сотталушы, МИБ төрағасы Сәуле Жұбаниязова қасбеті құлаған тұрғын үйде жаңа жарықшақтар пайда болғанын айтты.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

– Қасбет құламай тұрған кезде үйде ешбір қауіптің белгісі болған жоқ. Өзім тұратын пәтерде де ештеңе болған емес. Ал қазір, шамамен бір апта бұрын Төтенше жағдай министрлігінің мамандарын шақырдық. Пәтерімнің төбесінде жарықшақ пайда болды, – деді Сәуле Жубаниязова.

Ол сондай-ақ бірінші кіреберіс жағындағы пәтерлерді қарап, басқа бөлмелерден де ақаулар анықтағанын айтты.

– Қазір тиісті органдарға хат жазып, ТЖМ өкілдерін шақырып жатырмыз. Бір шара қолдануға көмектессе екен дейміз, өйткені мұны өз күшімізбен жасай алмаймыз. Қасбеттің бір бөлігін алып тастауға немесе оны күшейтуге қажетті техниканы жалдауға қаражатымыз да жоқ, – деді сотталушы.

Бұдан бөлек, С. Жұбаниязова үйді жөндеуге қатысты шара қолдануға тырысқанын айтты.

Алайда оның сөзінше, пәтер иелері ұсынылған жөндеу нұсқасынан бас тартқан.

– 51 пайыздан астам тұрғын қарсы дауыс беріп, «Бұл өте қымбат, біздің шамамыз жетпейді» деді. Мен жиналысты ұйымдастырдым, «Өркен қала» өкілдерін шақырдым, әкімдікке жүгіндім, учаскелік полиция қызметкері де келіп, тұрғындарға түсіндірді. Бірақ тұрғындар бас тартты, – деді ол.

Соталушы МИБ төрағасы мұндай ауқымды жөндеу жұмыстарын тұрғындардың келісімінсіз жеке өзі жүргізу туралы шешім қабылдай алмайтынын және пәтер иелерінің қаражатын тиісті шешімсіз жұмсауға құқығы жоқ екенін атап өтті.

Бұған дейін құрылыс саласының маманы Вероника Лобаева тұрғын үйдің қасбеті не себепті құлағанын айтқан еді.

Бұған дейін С. Жұбаниязова үйді қандай жағдайда қабылдап алғанын айтты.