«Ұлы дала ойындары» отбасылық эстафетасы өтті
АСТАНА. KAZINFORM — Жарыс Наурызнама онкүндігінің Ұлттық спорт күніне орай ұйымдастырылды. Астана қаласы әкімдігінің Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Өсербайдың сөзінше, мұндай отбасылық эстафета екінші жыл қатарынан өткізіліп отыр.
— Биылғы байқаудың өзіндік ерекшелігі бар. Мемлекет басшысы 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялағандықтан, біз де іс-шарада жасанды интеллектіні қолдандық. Қатысушылардың көрсеткішін, ұпайын, қанша калория энергия жұмсағанын ЖИ есептеді, — дейді Ержігіт Өсербай.
Жарысқа әрқайсысының 15 мүшесі бар 9 команда қатысты. Бес отбасы бір командаға бірікті (5 әке, 5 ана және 8-10 жас аралығындағы 5 бала).
Айта кетейік спорттық іс-шарада әкелер садақ ату, қошқар көтеру, нарқұдық, ләңгі тебу және «тосын сыйы бар сандық» байқауларында күш сынасты. Аналар шалқұймақ эстафетасы, лабиринт, хан арқан, бес асық, үлкен қасық асық бөлімдерінде сынға түсті. Ал балалар асық атып, арқан тартысып, көкпар ойнап, асық тауып және қаппен секіріп жарысты.
— Мұндай эстафетаның маңызы зор. Біріншіден, ұлттық спорт түрлері мен салт-дәстүрді дәріптейді. Екіншіден, тұрғындарды, әсіресе, балаларды салауатты өмір салтына баулиды. Отбасылық құндылықтарды насихаттап, ынтымақ-бірлікті де нығайтады. Өзім әйелім және қызыммен қатыстым. Жарыс қызықты өтті, — дейді қатысушы Ермек Жандарбаев.
Эстафета қорытындысында жеңімпаздар мен қатысушыларға сыйлықтар табысталды.
Еске салайық бұған дейін Наурызнама онкүндігі аясында 747 спорттық іс-шара өтетінін жазғанбыз.