Ұлы даладағы көне қағидат ұлттық тазалық стандартына айналып келеді – сарапшы

АСТАНА. KAZINFORM – Ғасырлар бойы ұлы даланың тұрмыс-салтының бір бөлігі болған құндылық бүгінде Қазақстанның ұлттық тазалық стандартына айналуы мүмкін. Қазақстанның Экологиялық инновациялар және өнеркәсіптік саясат қауымдастығының төрағасы Азамат Аяйбергенов осындай пікір білдірді.

Фото: Азамат Аяйбергеновтің жеке мұрағатынан

19 қыркүйекте өткен республикалық «Таза Қазақстан» акциясында Мемлекет басшысы қоғамда жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру міндетін қойды. Сарапшының айтуынша, Президент тазалық туралы әңгіменің ауқымын түбегейлі өзгертті.

– Мемлекет басшысы «Таза Қазақстанды» қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау философиясы, азаматтық кемелдіктің көрсеткіші және мемлекеттің өркениеттілігінің өлшемі деп атады. Негізінде, ұзақ уақыт бойы тазалық "қоқыс шығарылды ма, жоқ па" деген коммуналдық мәселе ретінде қарастырылып келді. Енді мәселе әлдеқайда кең спектрде, "біз жаңа қоғам құруымыз керек" деген ауқымда қойылып отыр, – деді Азамат Аяйбергенов.

Эколог бұл бастаманың үш негізгі қырын атап өтті – конституциялық, мінез-құлықтық және саяси.

– Көктемде жаңа Конституция жобасы талқыланып жатқан кезде оның экологиялық нормалары болашақ ұрпақ үшін құқықтық қалқан екенін жазған едім. Бүгінде сол қалқанды нақты жұмыс істейтін тетіктермен толықтыру кезеңі басталды. «Таза Қазақстанның» конституциялық негізі бар, – дейді ол.

Екінші аспект азаматтардың күнделікті мінез-құлқына байланысты. Сарапшының пікірінше, экологиялық мәдениет ауқымды акциялардан емес, адамның өз ауласына, көшесіне және қаласына деген көзқарасынан басталады.

Үшінші аспект – мемлекеттік саясат. «Таза Қазақстан» «Заң және тәртіп» қағидаты және «Адал азамат» бағдарламасымен қатар, жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыруға бағытталған ішкі саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде белгіленген.

Ендігі кезекте, экологтің пікірінше, қол жеткізілген нәтижелерді сақтап қалу маңызды.

– «Таза Қазақстан» бастамасы аясында бірнеше жыл ішінде шамамен 10 мың қоқыс үйіндісі жойылды. Ендігі басты міндет олардың қайта пайда болуына жол бермеу. Ол үшін адамдардың мінез-құлқын өзгерту қажет, әйтпесе тазалық жұмыстары қайта-қайта қайталана беретін шексіз әрекетке айналады, – деп атап өтті Азамат Аяйбергенов.

Ол вандализм мен қоғамдық тәртіпті бұзатын ұсақ құқық бұзушылықтар мәселесіне де жеке тоқталды.

– Криминологияда «сынған терезелер теориясы» бұрыннан белгілі: ұсақ құқық бұзушылықтарға – қоқыс тастауға, қабырғаларды граффитимен бүлдіруге, қоғамдық орындарда алкоголь ішуге жол беру қылмыстардың, соның ішінде ауыр қылмыстардың да көбеюіне алып келеді. Суреті салынған, бүлінген қабырға бұл жерде кез келген әрекетті істеуге болады деген белгі береді. «Заң және тәртіп» қағидаты ұсақ-түйек нәрселерді тәртіпке келтіруден басталады, – деп есептейді ол.

Ұлттық тазалық стандарты қандай болуы керек

Сарапшының пікірінше, болашақ стандартта өлшеуге және тексеруге болатын нақты көрсеткіштер болуы тиіс. Елді мекендер үшін контейнер алаңдарының қолжетімділігі, қалдықтарды тұрақты шығару, қалдықтарды бөлек жинауды дамыту, стихиялық қоқыс орындарының болмауы, аулалардың, аялдамалардың және қоғамдық дәретханалардың жағдайы секілді талаптар белгіленуі мүмкін.

Табиғи аумақтар бойынша су қорғау аймақтары мен халық көп демалатын орындардың жағдайы, сондай-ақ автомобиль жолдарының бойында қоқыс жинауға арналған жабдықталған орындардың болуы ескерілуі қажет.

Көгалдандыру саласында ағаштардың сақталуы мен жерсіну деңгейі, сондай-ақ оларға тиісті күтім жасалуы назарға алынуы тиіс.

Сонымен қатар эколог әр аумақ үшін жауапкершілік нақты белгіленуі керек деп санайды.

– Әр шаршы метрдің өз иесі болуы керек: аумаққа – әкімдік, көппәтерлі тұрғын үйлерге – мүлік иелері бірлестігі, іргелес аумаққа – бизнес, ал құрылыс алаңына – құрылыс салушы жауап беруі тиіс, – деп атап өтті Аяйбергенов.

Сарапшы қоғамдық бақылауға да маңызды рөл береді. Оның айтуынша, TazaQazBot арқылы азаматтар 57 мыңнан астам өтініш жолдаған. Бұл деректер жиынтығы өңірлердің экологиялық жағдайын бағалауға негіз бола алады.

Сонымен бірге, оның пікірінше, ұлттық стандарт тек ұсынымдық сипатта емес, міндетті сипатта болуы керек.

– Негізінде ұлттық тазалық стандарты – жаңа қоғамдық келісім. Мемлекет қажетті жағдайларды қамтамасыз етеді, бизнес өз аумағына жауап береді, ал азамат өз мінез-құлқына жауапты болады. Егер әркім өзіне тиесілі бөлікті орындаса, тазалық Мемлекет басшысы айтқан ұлттық брендке айналады, – деп атап өтті сарапшы.

Экологиялық мәдениет – ұлттық кодтың бір бөлігі

Сарапшы Қазақстанның экологиялық мәдениетінің тарихи негізіне де назар аударды. Оның айтуынша, табиғатқа ұқыпты қарау Ұлы даланың дәстүрлі тұрмыс-салтының ажырамас бөлігі болған.

Көшпенділер жайылымдардың қалпына келу мүмкіндігін ескеріп, суды қадірлеген және табиғи ресурстарды ортақ игілік ретінде қабылдаған.

– Жоғары экологиялық мәдениет – біздің төл кодымыз. Біз оны аз ғана уақыт ішінде жоғалтып ала жаздадық. Мәселен, Арал мен Семей полигонының трагедиялары жерге немқұрайды қараудың қандай салдарға әкелетінін көрсетті. Енді осы кодты қайта жаңғыртуымыз керек, – деп есептейді Аяйбергенов.

Оның пікірінше, «Таза Қазақстанның» терең мәні де осында жатыр. Ол – тарихи мұраны, заманауи мемлекеттік тетіктерді және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікті бір арнаға тоғыстыру.

– Көшпелі өмір салты өткеннің еншісінде қалды, бірақ оның қағидаты жойылған жоқ: табиғатты аялау және жерді өзің алған кездегіден де жақсы күйде балаларыңа аманат ету, – деп қорытындылады сарапшы.

Айта кетейік, былтыр қоқыс өңдеу саласында 316,9 млрд теңгенің 67 жобасы мақұлданған еді.