Ұлы Жеңіске – 80 жыл: бес өңірде соғыс ардагерлеріне төлем жасалды

Фото: Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Үкіметтің қаулысымен биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығына дайындық және оны мерекелеу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. 

— Биыл 1 сәуірдегі жағдай бойынша екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардагерлердің зейнетақысын қоса есептегенде берілген әлеуметтік төлемдердің орташа жиынтық мөлшері 263 000 теңге. Ал екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жарақат алған, жарымжан болған, мертіккен немесе дерт салдарынан мүгедек болған ардагерлер үшін — 280 000 теңге. 2020 жылы Ұлы Жеңістің 75 жылдығын мерекелеу қарсаңында қабылданған «Ардагерлер туралы» заңда оларға көрсетілетін барлық қолдау мен кепілдік бір жүйеге келтірілген. Биыл Үкіметтің қаулысымен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына дайындық және оны мерекелеу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Жоспарда соғыс және тыл ардагерлерін құрметтеу, оларға әлеуметтік қолдау көрсету, соның ішінде материалдық ынталандыру шаралары көзделген, — деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин елордада өткен ардагерлер кеңесінің республикалық пленумында.

Осы орайда вице-министр биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай соғыс ардагерлеріне 5 миллион теңге мөлшерінде біржолғы төлем жасалатынын мәлім етті.

— Бүгінде барлық өңір соғыс ардагеріне 5 миллион теңге көлемінде төлем жасауға дайын екендерін растады, — дейді ол.

Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне төлем жасаған өңірлер:

— Алматы облысы;

— Батыс Қазақстан облысы;

— Қарағанды облысы;

— Қостанай облысы;

— Шымкент қаласы.

— Ақмола облысы, Жамбыл облысы және Астана қаласында төлемді сәуір айының бірінші онкүндігінде жасайды. Қалған өңірлер сәуір айының соңына дейін төлейді, — деп сендірді Олжас Анафин.

Айта кетейік, биыл 1 сәуірдегі жағдай бойынша елімізде екінші дүниежүзілік соғысының 111 ардагері бар

Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ел аумағында екі мыңдай іс-шара өтеді

Сондай-ақ Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай елордада өтетін әскери шеру барлық республикалық телеарна мен LED экрандардан тікелей көрсетіледі

Бүгін елордада «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің III пленумы өтті