Ұлыбритания билігі заңды мигранттарға қатысты ережелерді қатаңдатпақ
АСТАНА. KAZINFORM – Ішкі істер министрі Шабана Махмұт атап өткендей, үкімет елде тұруға ықтиярхат алушылар үшін жаңа талаптар енгізуді көздеп отыр, деп хабарлайды ТАСС ақпарат агенттігі.
Ұлыбритания заңды мигранттар тұруға ықтиярхат алуға өтініш бергенге дейін елде тұруы тиіс мерзімін екі есеге (10 жылға дейін) ұзартады.
-Кейінгі жылдары көшіп келушілер саны өте жоғары болуына байланысты 2026-2030 жылдар аралығында болжам бойынша 1,6 млн адам елде тұрақты тұруға өтініш беру құқығына ие болады. 2028 жылы бұл көрсеткіш шарықтау шегіне жетіп, 450 мың адам болады. Бұл дегеніңіз соңғы жылдарғы орташа көрсеткіштермен салыстырғанда 4 есе көп,- деп мәлімдеді министр Шабана Махмұт.
Махмұт үкімет тұрақты тұруға ықтиярхат алушылар үшін жаңа талаптар енгізуді жоспарлап отырғанын жариялады. Олардың қылмысқа қатысы жоқ, ағылшын тілін жетік білуі, ұлттық сақтандыру жарналары тұрақты болуы керек және қарызы болмауы тиіс.
Өтініш беруші Ұлыбританияда қалу үшін осы талаптардың әрқайсысына қаншалықты сәйкес болуына байланысты 10 жылдық мерзім қысқартылуы мүмкін.
Мысалы, жоғары ставка бойынша салық төлейтіндер үшін ол үш жылға дейін қысқартылуы мүмкін. Бұл жаһандық дарындар желісі бойынша құжат тапсыратындар үшін де қойылатын талап.
Өтініш беруші үшін қайырымдылық ұйымдарында жұмыс істеу – артықшылық, ал мемлекеттік жәрдемақы алу кемшілік болар еді. Соңғы фактор жағдайды әсіресе ауырлатады, себебі өтініш беруші заңсыз келген мигранттар сияқты өтініш беру мерзімін 20 жыл күтуі мүмкін.
Бұған дейін Ұлыбританияда босқын мәртебесін беру саясатын қатаңдатуды жоспарлап отырғанын жазған болатынбыз.