Ұлыбритания лазерлік қару жеткізу мерзімін кейінге шегерді

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлыбритания әскери кемелерді лазерлік қарумен жабдықтау бағдарламасын екі есе қысқартты, деп хабарлайды ТАСС.

Фото: ТАСС

Ұлыбритания үкіметі елдің әскери-теңіз күштеріне ұшқышсыз аппараттармен күресуге арналған DragonFire лазерлік жүйелерін жеткізуге берілген тапсырыс көлемін екі есе азайтты.

The Sun газетінің Ұлыбритания Қорғаныс министрлігіндегі дереккөзге сілтеме жасап хабарлауынша, бұған дейін билік лазерлік қару сатып алуға 1 млрд фунт стерлинг (1,31 млрд доллар) бөлуді жоспарлаған. Алайда бағдарлама қаржыландыруы екі есе қысқарып, тапсырыс берілген қондырғылар саны төрттен екіге дейін азайтылған.

Сонымен қатар DragonFire жүйелерін жеткізу 2028 жылдан ерте басталмайды. Бастапқыда жеткізілімді 2027 жылы бастау жоспарланған болатын.

Басылымның мәліметінше, мұндай шешім қорғаныс шығындарының қысқаруына байланысты қабылданған. Бұған дейін The Times газеті алдағы төрт жылда Ұлыбританияның қорғаныс бюджетіндегі тапшылық 28 млрд фунт стерлинг (36,7 млрд доллар) болатынын хабарлаған.

2025 жылғы қарашада еуропалық қорғаныс компаниясы MBDA-ның Ұлыбританиядағы бөлімшесі елдің әскери-теңіз күштеріне DragonFire лазерлік жүйелерін жеткізу бойынша 316 млн фунт стерлинг (413 млн доллар) көлемінде келісімшарт алған.

Ұлыбритания Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, лазерлік жүйелерді қолдану дәстүрлі зымырандық қаруды пайдалануға қарағанда әлдеқайда арзанға түседі.

Бұған дейін Германия мен Ұлыбритания 2 мың шақырымнан астам қашықтыққа ұшатын гипердыбыстық қару жасап жатқаны хабарланған еді.