Германия мен Ұлыбритания 2 мың шақырымнан астам қашықтыққа ұшатын гипердыбыстық қару әзірлемек
АСТАНА. KAZINFORM — Германия үкіметі Ұлыбританиямен бірлесіп, 2 мың шақырымнан астам қашықтықтағы нысаналарды жоя алатын жаңа жоғары дәлдікті қару әзірлеуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Bild басылымы жазды.
Жобаның мақсаты — Еуропаның қорғаныс қабілетін нығайтып, алыс қашықтыққа соққы беретін қару-жарақ бойынша АҚШ-қа тәуелділікті азайту.
9 қарашада Берлинде бұл мәселені Германияның қорғаныс министрі Борис Писториус пен Ұлыбританияның қорғаныс министрі Уэс Стритинг талқылайды. Politico басылымы Германия Қорғаныс министрлігінің ішкі құжаттарына сілтеме жасап, екі жаңа қару жүйесін әзірлеу жоспарланып отырғанын жазды.
Жоба аясындағы міндеттер екі елге бөлінген. Ұлыбритания жаңа қанатты зымыран әзірлеуге жауапты болады. Ол төмен биіктікте ұшуы керек. Осылайша, қарсыластың радиолокациялық жүйелеріне оны анықтау қиынға соғады. Зымыранды әзірлеп, оны енгізу 2032 жылға дейін жоспарланған.
Ал Германия гипердыбыстық қару әзірлеуді қолға алады. Жоспар бойынша, зымыран әуелі гипердыбыстық сырғу аппаратын биікке көтереді. Кейін аппарат зымыраннан бөлініп, дыбыс жылдамдығынан бірнеше есе жоғары жылдамдықпен нысанаға қарай ұшады.
Жұмыс кестесі сақталған жағдайда, Бундесвер бұл қару жүйесін 2035 жылға дейін алады. Ал оның тәжірибелік үлгілерін 2029 жылға дейін еуропалық MBDA қорғаныс концерні мен неміс-британиялық Hypersonica стартапы әзірлеуі керек.
Politico мәліметінше, Германияның бюджеттік құжаттарында бұл қаруды әзірлеуге болашақта 9 миллиард еуродан астам қаражат жұмсау қарастырылған. Ал Ұлыбритания зымыран бағдарламасына алдағы төрт жылда шамамен 900 миллион еуро бөлетінін мәлімдеген.
Еске салайық, бұған дейін Жапония мен АҚШ F-35 жойғыштарына арналған зымырандарды бірлесіп өндіретінін жазған едік.