Жапония мен АҚШ F-35 жойғыштарына арналған зымырандарды бірлесіп өндіреді
АСТАНА. KAZINFORM — Жапония мен АҚШ Жапония аумағында әуе-әуе санатындағы жетілдірілген орта қашықтықтағы зымырандарды бірлесіп шығаратын кәсіпорын құруға келісті. Бұл туралы Kazinform агенттігі Anadolu-ға сілтеме жасап хабарлады.
Бұл туралы Жапонияның қорғаныс министрі Синддзиро Коидзуми Филиппинде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Ол Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығы (АСЕАН) елдерінің қорғаныс министрлері мен серіктестері қатысқан кездесуге қатысып жатыр.
Коидзумидің айтуынша, мұндай келісімге АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсетпен келіссөздер барысында қол жеткізілген.
Зымыран өндірісін Operation Supercharge бірлескен бастамасы аясында ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Жапония министрі бұл зымырандардың Жапония мен АҚШ қарулы күштерінің қатарындағы бесінші буынға жататын F-35 жойғыш ұшақтары үшін маңызы зор екенін атап өтті.
— Біз Жапония мен АҚШ альянсының тежеу әлеуеті мен әрекет ету мүмкіндіктерін бұрын-соңды болмаған қарқынмен әрі жедел нығайтуға келістік, — деді Коидзуми.
Ол сондай-ақ тараптар халықаралық құқық үстемдігіне негізделген еркін әрі ашық халықаралық тәртіпті қолдайтынын растағанын айтты. Бұған қоса, күш немесе қысым көрсету арқылы қалыптасқан жағдайды біржақты өзгерту әрекеттеріне қарсы екенін жеткізді.
Еске салайық, бұған дейін Жапония мен АҚШ ғарыш аппараттарын ұшыру ережелерін жеңілдету туралы келісімге келгенін хабарлаған едік. Елдер тексерудің бірқатар рәсімін стандарттауды жоспарлап отыр. Бұл жапон компанияларына зымырандарын АҚШ-тағы ғарыш айлақтарынан, ал америкалық операторларға Жапониядағы ғарыш айлақтарынан ұшыруға мүмкіндік береді.