Ұлыбритания мен ЕО арасындағы теміржол қатынасы уақытша тоқтады
АСТАНА. KAZINFORM – Ұлыбритания мен Еуропалық одақ елдерін жалғайтын жоғары жылдамдықты халықаралық теміржол қатынасы уақытша үзілді. Брюссель мен Лондон арасында қатынайтын Eurostar компаниясы Ла-Манш туннеліндегі техникалық ақауларға байланысты сейсенбі күні барлық рейсті тоқтатты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Компанияның ресми сайтында жарияланған мәліметке сәйкес, байланыс желісіндегі ақау мен Le Shuttle пойызының істен шығуы салдарынан Ла-Манш туннелі уақытша жабылған.
– Байланыс желісіндегі мәселе мен Le Shuttle пойызының бұзылуына байланысты Ла-Манш туннелі қазіргі уақытта жабық. Өкінішке қарай, қосымша хабарланғанға дейін бүгінгі барлық рейсті тоқтатуға мәжбүрміз, – делінген хабарламада.
Eurostar компаниясы жолаушыларды Брюссель-Миди, Париждегі Солтүстік вокзал және Лондондағы Сент-Панкрас вокзалдарына бармауға шақырды.
Британдық бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Англияның Фолкстон қаласындағы туннель терминалы маңында көлік кептелісі пайда болып, Лондон мен Париждегі вокзалдарда жолаушылар көптеп жиналған.
Сонымен бірге компания Ла-Манш туннелінде жолаушылар пойызы қалып қойғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды. Eurostar өкілі POLITICO басылымына берген түсініктемесінде туннельде бұзылған жүк вагон-шаттл болғанын және оның туннельден шығарылғанын айтты.
Ла-Манш туннелі Ұлыбританияны құрлықтағы Еуропамен байланыстырады. Қалыпты жағдайда Лондондағы Сент-Панкрас вокзалынан Брюссель-Миди станциясына дейінгі жол шамамен екі сағатқа созылады.
Сондай-ақ Ұлыбританиядағы теміржол компанияларын біріктіретін National Rail жолаушыларды сапар жоспарларын қайта қарап, броньдауды басқа күнге ауыстыруға шақырды.
Айта кетейік, бұған дейін Мексикада пойыз апатынан 13 адам қаза тауып, 98 адам жарақат алғаны хабарланған болатын.