Ұлыбритания сүт безі қатерлі ісігіне ЖИ-мен аса ауқымды зерттеу жүргізіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлыбританияда EDITH атты ауқымды зерттеу басталды. Оның аясында ЖИ-дің сүт безі қатерлі ісігін анықтаудағы тиімділігіне баға берілмек. Бұл жоба маммографиялық скринингтегі ЖИ-дің рөліне қатысты әлемдегі ең ірі зерттеу болып отыр.

Фото: Cambridge University Hospitals NHS Foundation Trust

Зерттеуді Уорик университеті Кембридж университетіне тиесілі ауруханалар желісі Cambridge University Hospitals NHS Foundation Trust қорымен бірлесіп ұйымдастырып жатыр және Ұлыбританияның Ұлттық денсаулық сақтау саласындағы зерттеулер институты қаржыландырады.

Жоба аясында зерттеуге Ұлыбританиядағы 30 скрининг орталығы арқылы шамамен 700 000 әйелді шақыру жоспарланған.
Қатысушылар кездейсоқ түрде үш топқа бөлінеді. Бірінші топтың маммограммаларын Ұлыбритания Ұлттық денсаулық сақтау қызметінің екі маманы ЖИ қолданбай талдайды. Екінші және үшінші топтарда маммограммалар екі түрлі модельді қолдана отырып, ЖИ арқылы талданады.

Зерттеушілердің пікірінше, жасанды интеллектті қолданудың бір ықтимал қаупі — жалған оң нәтижелердің көбеюі. Қазіргі алгоритм шын мәнінде қатерлі ісік емес аймақтарды да қатерлі ісіктің ықтималдығы жоғары деп белгілеп беруі мүмкін. Нәтижесінде, әйелдер қосымша скринингке жіберіліп, босқа мазасыздық тудыруы мүмкін.

Зерттеуге қатысу ерікті. Маммограммаларын ЖИ талдағанын қаламайтын әйелдер медициналық орталыққа скринингке дейін немесе скрининг кезінде хабарлай алады. Бұл жағдайда маммограммаларды пайдаланбайтын екі маман қарайды, ал қатысушылардың деректері зерттеу нәтижелеріне енгізілмейді.

Жасанды интеллектті қолдану бұл процестің тиімділігін арттыруға және дәрігерлердің пациенттерге дұрыс диагностика жасау және емдеуге кететін уақытын үнемдеуге бағытталған.

Зерттеу нәтижелері ғылыми журналдарда жарияланып, ұлттық скрининг бағдарламаларына ЖИ енгізу мүмкіндігі туралы шешім қабылдау үшін үкіметке ұсынылмақ. Зерттеушілердің айтуынша, жобаның негізгі мақсаты — жаңа технология медициналық көмектің қауіпсіздігі мен сапасын сақтай отырып, ауруларды анықтауды жеделдете ала ма, жоқ па, соны анықтау.

Қазақстандық ғалым Бақтыбай Оразбековтің айтуынша, Скрининг кезінде обырдың алғашқы сатысын анықтаудың мүмкіндігі жоғары. 

Биылғы тоғыз айда Қазақстанда сүт безі қатерлі ісігіне 1,09 миллионнан астам әйел тексерілді.