Ұлыбританияда телефон ұрлығына қарсы ең көлемді операция жүргізілді
АСТАНА. KAZINFORM – Ұлыбритания полициясы ұрланған ұялы телефондарды заңсыз алып өту схемасын әшкерелеп, ұйымдасқан қылмысқа соққы берді, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
Бір жылға созылған тергеуден кейін құқық қорғау органдарының қызметкерлері тергеу мәліметінше, соңғы 12 айда Ұлыбританиядан Қытайға ұрланған 40 мыңға дейін телефонды шығарған ірі қылмыстық ұйымның көзін жойды. Бұл сол жылы Лондонда жасалған осындай қылмыстардың шамамен 40%-ы.
Операция көшедегі қалта ұрыларынан бастап, жыл сайын ұрланған ондаған мың құрылғыны шетелге заңсыз тасымалдайтын халықаралық қылмыстық топтарға дейін барлық деңгейдегі тізбекті жоюға мүмкіндік берді.
- Біз үшін бұл мәселе қаншалықты маңызды екенін көрсеттік, бірақ бізге индустрия тарапынан қолдау қажет. Біз Apple мен Samsung компанияларын бізбен белсенді жұмыс істеуге және өз тұтынушыларын әсіресе телефон қауіпсіздігі мен қайта пайдалану мәселелерінде қорғауға шақырамыз, - деп мәлімдеді мобильді құрылғыларды ұрлау бөлімінің басшысы Эндрю Фезерстоун.
Тергеу амалдары өткен жылдың желтоқсанында Хитроу әуежайының жанындағы қоймада Гонконгқа жіберілуі тиіс шамамен 1000-ға жуық iPhone-ның жөнелтілімі анықталған кезде басталды. Құрылғылардың барлығы дерлік ұрланған болып шықты және көлемді операцияның басталуына түрткі болды.
Іске әдеттегісінше қарулы тонау және есірткі контрабандасы істері бойынша тағайындалған мамандар тартылды. Полиция кейінірек тауардың жаңа партиясын ұстады, олардың қаптамаларын зерделеп, күдіктілердің кім екенін нақтылады.
Қыркүйек айында қылмыстық схеманың бірнеше қатысушысы ұсталды. Тиісті мекенжайларды тінту кезінде 2000-ға жуық телефон тәркіленді. Тергеу барысында тонау мен ұрлыққа қатысы бар көше қылмыскерлері де анықталды.
- Бұл топ шетел нарығында жоғары табыс алу мақсатымен Apple құрылғыларын арнайы нысанаға алған. Біз көше ұрыларының бір құрылғы үшін 300 фунт стерлингке дейін ақша тапқанын анықтадық, ал Қытайда бұл құрылғылар 5 мың долларға дейін сатылды, - деп баяндады детектив-инспектор Марк Гэвин.
Ұлыбританияда ұялы телефон ұрлығының өсімі байқалды.
Полицияның мәліметінше, өткен жылы тек Лондонда 80 мыңға жуық құрылғы ұрланған.
Бұған дейін Ұлыбританияда велосипед ұрлығы енді қылмыс болып саналмайтынын жазған едік.
Ал Англия мен Уэльстегі түрмелерде орын тапшылығымен күресу үшін Ұлыбритания үкіметі іске қосқан мерзімінен бұрын босату бағдарламасы аясында шамамен 40-қа жуық тұтқын қателесіп босатылған.