Ұлыбританияда бос жұмыс орнының жалақысын жасырмайтын заң қабылданбақ

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлыбританияда жұмыс берушілерді бос жұмыс орындары туралы хабарландыруларда ұсынылатын жалақы мөлшерін көрсетуге заң жүзінде міндеттеу жоспарланып отыр. Бұл туралы Kazinform агенттігі ТАСС-қа сілтеме жасап хабарлады.

Фото: ТАСС

The Independent газетінің мәліметінше, бұл бастама туралы Ұлыбритания премьер-министрі Энди Бернэм мәлімдеген.

 — Мансап жолын енді бастадыңыз ба, әлде отбасыңызды асырауға тырысып жүрсіз бе — жұмыс іздеуге уақыт пен күш жұмсамас бұрын қанша жалақы алатыныңызды білуіңіз керек. Сондықтан біз барлық жұмыс берушіні ұсынылатын жалақы мөлшерін көрсетуге заң жүзінде міндеттейміз, — деді ол.

Үкімет басшысы бизнес өкілдерін жастарға кәсіби тәжірибе жинап, еңбек жолын бастауға көбірек мүмкіндік беруге шақырды.

Еңбек заңнамасына өзгерістер енгізудің нақты мерзімі әзірше белгісіз. Үкімет өкілдері тиісті шараларды мүмкіндігінше тезірек қабылдауды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

Бұл бастаманы Кәсіподақтар конгресінің бас хатшысы Пол Новак та қолдады. Оның айтуынша, жұмыс іздеушілер бос жұмыс орындары туралы хабарландырулардан нақты жалақы мөлшерінің орнына «бәсекеге қабілетті жалақы» деген тіркесті жиі кездестіреді.

Ол үміткерлер ұзақ іріктеу кезеңдері мен сұхбаттардан өтпей тұрып, ұсынылған жалақының өз талаптарына сай келетін-келмейтінін білуі керек екенін айтты.

The Independent басылымының дерегінше, Ұлыбританиядағы жұмыс берушілердің төрттен бірінен астамы жұмысқа қабылдау туралы хабарландыруларда жалақы мөлшерін мүлде көрсетпейді.

Бұл ұсыныс үкіметтің жастар арасындағы жұмыссыздықпен күрес шаралары жеткіліксіз деген сынға ұшыраған тұста айтылды. Басылым келтірген статистикалық мәліметтерге сәйкес, Ұлыбританияда 16 мен 24 жас аралығындағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 13 пайызға жеткен.

Еске салайық, бұған дейін Германияда жұмыссыздар саны 3 миллионға жуықтағанын жазған едік.