Ұлыбританияда жұмыссыздық қайтадан күрт артты
АСТАНА. KAZINFORM — Ұлыбританиядағы жұмыссыздық деңгейі 5%-ға жетіп, пандемия кезіндегі көрсеткіштермен теңесті, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
Ұлыбританияның Ұлттық статистика басқармасының мәліметінше, шілде мен қыркүйек аралығында жұмыссыздар үлесі 4,7%-дан 5%-ға дейін өсті, шамамен 1,8 млн адам жұмыссыз қалды.
Лондондағы жұмыссыздық деңгейі 6,5%-ға жетіп, елдегі барлық аймақтар арасындағы ең жоғары көрсеткішті көрсетті.
Соңғы рет жұмыссыздық деңгейі 5%-ға 2020 жылғы желтоқсаннан 2021 жылғы ақпан аралығында жеткен болатын. Сол кезде экономика локдауннан кейін қалпына келе бастаған еді. Шектеулер алынғаннан кейін көрсеткіш жақсарған, бірақ кейін қайта өсе бастады.
Еске сала кетсек, караша айындағы отырыстан кейін Англия банкі инфляцияның тұрақты түрде жоғары болуына байланысты базалық пайыздық мөлшерлемені 4%-да сақтап қалған.