Ұлықбек Тұмашинов Шығыс Қазақстанда туризмді дамытуға кедергі келтіретін мәселелерді атады

Фото: parlam.kz

АСТАНА. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында тау шаңғысы туризмін дамытуға ерекше көңіл бөлу қажет. Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-министр Олжас Бектеновке сауал жолдаған депутат Ұлықбек Тұмашинов айтты.

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елімізде туризмді дамытуға ерекше назар аударды. Бұл бағытта Шығыс Қазақстан облысының әлеуеті жоғары және туризмді халықаралық деңгейде амытуға толық мүмкіндігі бар. Туризм — жаңадан құрылған шекаралық аудандардың дамуына, экономикасының өсуіне, халықты жұмыспен қамтуға ықпал ететін стратегиялық сала, — деді депутат.

Осы орайда ол шығыс өңірінің табиғи ерекшеліктеріне негізделген туристік маршрут қалыптасқанын нақты мысалдармен келтірді. Сондай-ақ туризмнің дамуына кедергі келтіріп отырған мынадай мәселелерді атады:

— инфрақұрылымның жеткіліксіздігі (қонақ үй, тамақтану, сервис сапасы);

— экологиялық тәуекелдер (қоқыс тастау, өрт қауіпсіздігін сақтамау);

— туристік нысандардың (Катон-Қарағай ұлттық паркі, Марқакөл қорығының) сақталуын қамтамасыз ету қажеттілігі.

— Жергілікті халық туризмнен табыс көзі бар екенін түсініп, саяхатшыларға үйлерін жалға беруде, қосалқы ауылшаруашылық өнімдерін) сатып, қосымша қаражат табуда. Бюджетке салық түсімі артуда. Бірақ бұл жеткіліксіз, — деді ол.

Мәжілісменнің айтуынша, Президент тапсырмасына сәйкес, Зайсан және Қатон-Қарағай аудандарында жаңадан әуежайлар салынып жатыр. Бұл туристер ағынын одан әрі арттырады. Осыған байланысты 2025-2028 жылдарға арналған републикалық бюджетте жаңа әуе бағыттарын субсидиялау мәселесін қарастыру қажет. Сонымен қатар, Зайсан Үрімші бағытын ашу, Марқакөл және Зайсан аудандарында шетелдік туристерге арналған демалыс орындары мен ойын-сауық нысандарын салу қосымша инвестициялық көздерді тартуға мүмкіндік береді. 

— Алматы тау кластері жобасымен қатар, Шығыс Қазақстан облысында тау шаңғысы туризмін дамытуға ерекше көңіл бөлу қажет. Глубокое ауданы мен Риддер қаласының геоклиматтық ерекшеліктері тау шаңғысы курортын салуға өте қолайлы. Жобаларды іске асыру үшін инженерлік және жол инфрақұрылымын «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ қаржыландырумен қамтамасыз ету ұсынылады. Риддер тау кластері стратегиялық маңызы бар жоба ретінде жаңа жұмыс орындарын ашуға, салық түсімдерін арттыруға, халықаралық деңгейдегі кешенді туристік өнім қалыптастыруға мүмкіндік береді, — деді депутат.

Осыған орай Ұлықбек Тұмашинов Үкімет басшысынан мына мәселелерді қарастыруды сұрады:

1. Шығыс Қазақстан облысы бойынша туристік бағыттарды дамытуға арналған жол картасын қабылдау;

2. 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджетке әуе бағыттарын субсидиялау мәселесін енгізу;

3. Зайсан-Үрімші бағытын ашу мүмкіндігін зерделеу;

4. Марқакөл мен Зайсанда шетелдік туристерге арналған демалыс орындары мен ойын-сауық нысандарын салу жөніндегі инвестициялық жобаларды қолдау;

5. Глубокое ауданы мен Риддер қаласында тау шаңғысы курорттарын салуды «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ қаржыландырумен қамтамасыз ету.

Жалпы отырыс барысында мәжілісмен Нұргүл Тауда Премьер-министр Олжас Бектеновке сауал жолдап, мдициналық туризм саласында бірыңғай оператор құру қажеттігін айтты.