Ұлын өлтірген қызылордалық 8 жылға сотталды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қанды оқиға биыл 4 шілдеде Қызылорда облысының Арал ауданында болған.

Фото: pexels.com

Облыстық прокуратураның мәліметінше, сол күні сотталған тұрғын мен ұлының арасында өз үйінде кикілжің туған.

- Отбасылық жанжал кезінде ол пышақпен ұлының кеуде тұсынан, қолының ішкі тұсынан, басынан пышақ жарақатын салып, жүрек тамырын зақымдап, соның салдарынан жәбірленуші қайтыс болған. ​Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен сотталған Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, - делінген хабарламада. 

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

- Тұрғындардан құқықбұзушылықтар мен зорлық-зомбылық фактілеріне бейжай қарамауды, мұндай жағдай болған кезде құқық қорғау органдарына уақытылы хабарлау қажет екенін ескертеміз, - деп хабарлады прокуратура.

Бұған дейін Қызылордада адам өлімімен аяқталған қылмыстық оқиға қоғамның қызу талқысына түсті.