Ұлытау-Қызылорда тасжолы құрылысының созылып кетуіне не себеп болды
АСТАНА. KAZINFORM — Бұл туралы Ұлытау облысының бұрынғы әкімі Берік Әбдіғалиұлы Jibek Joly телеарнасына берген сұқбатында мәлімдеді.
Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, бұл мәселенің бірнеше себебі бар. Біріншіден, жолды салу үшін тендер Ұлытау жеке облыс болғанға дейін ойнатылған. Екіншіден, геосаяси жағдайға байланысты құрылыс материалдарының бағасы қымбаттап, шығын көлемі шамамен 65 млрд теңгеге өскен.
— Бұл тасжолдың Қызылорда жағын Еуропалық қайта құру және даму банкі, ал Ұлытау жағын Азия даму банкі несие беру арқылы қаржыландыру керек-тін. Еуропа даму банкі ақшаны ертерек беріп, көрші аймақ жұмысты ерте бастап кетті. Геосаяси жағдайға және бағаның күрт өсуіне байланысты Ұлытау жағында жұмыс жүргізетін қытайлық мердігер жол салудан ресми түрде бас тартты. Себебі, тиімсіз, шығын көп. Ұлытау өңірі — құмды аймақ. Жолға төселетін тасты Жаңақорғаннан жеткізеді. Бұл көп қаржыны талап етеді, — деді Берік Әбдіғалиұлы.
Ал банктен алынатын несие мәселесі созылып кеткен.
— Азия даму банкі 65 млрд қаржыны бекітпей отырды. Былтыр Үкіметтің атсалысуымен бұл мәселе шешілді. Тамыз-қыркүйек айларында құжаттар дайын болып конкурс өтті. Жұмыс биыл басталып кетті, — деді Берік Әбдіғалиұлы
Айта кетейік, осы жылдың басында Көлік министрі Марат Қарабаев толық жұмыс 2027 жылы аяқталатынын мәлімдеген. Сондай-ақ Ұлытаудан Арқалыққа апаратын тасжолдың құрылысы келер жылы аяқталуы тиіс. Ал Қарағандымен арадағы тасжолды жөндеу үшін кететін шығынды мамандар қазір есептеп жатыр. Бұл жобаны қаржыландыру үшін Әлемдік банкпен келіссөз басталды. Егер банк қаржы бөлуге келіссе, 2027 жылдан бастап екі жолақты жаңа жол салынбақ.
Сондай-ақ спикер шетелдегі қазақ жәдігерлерінің каталогі жасалатынын мәлім етті.