Шетелдегі қазақ жәдігерлерінің каталогі жасалады
АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық музей директоры Берік Әбдіғалиұлы Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында шетелдегі қазақи жәдігерлерді түгендеу жұмыстары басталғанын мәлім етті.

Музей басшысының сөзінше, қазір Ұлттық музейде 200 мыңнан астам экспонат бар. Оларды тамашалауға жылына 600 мың адам келеді. Енді осы қорды байыту үшін шетелдегі қазақ жәдігерлеріне түгендеу жүргізу көзделіп отыр.
— Алдағы 5 жылда қазақтың шетелде жатқан жәдігерлерін түгендеп каталогтерін шығаруды көздеп отырмыз. Бұл қолымыздан келеді, мамандарымыз бар. Демеуші болсын, мемлекеттен болсын, қаражат табылып жатса, ұйымдастыруға болады. Сырттағы жәдігердің бәрін әкелмесек те, әрбір азамат қай елде қандай жәдігеріміз жатқанын каталогке қарап білетіндей болу керек. Түпнұсқасын немесе көшірмесін әкелу — екінші мәселе. Бірақ түгендеуіміз керек. Қазір осы жұмысты қолға алып жатырмыз, — деді Берік Әбдіғалиұлы «Уәде» бағдарламасында.
Еске салсақ, кеше Қазақстан музейлерінің ІІІ конгресі басталғанын жазған едік.