Ұлытау мен Қызылорда арасындағы жол биыл толығымен аяқталады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда жол инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту аясында биыл бірқатар ірі жобалар іске асырылады. Парламент Мәжілісінде Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев биыл Ұлытау мен Қызылорда арасындағы жол толық аяқталатынын мәлімдеді.

Фото: Көлік министрлігі

– Шынында да, өткен жылдың соңында «Қызылорда – Жезқазған» автожолының 216 шақырымының құрылысы аяқталды. Биыл Ұлытау мен Қызылорда арасындағы жолды толық аяқтап, оны халық игілігіне беретін боламыз. Сонымен қатар «Қарағанды – Жезқазған» автожолы – аса маңызды жобалардың бірі. Жолдың ұзындығы 575 шақырым, құны 524 млрд теңгені құрайды. Оның құрылысын да осы айдың соңына дейін бастаймыз және алдағы екі жыл ішінде сапалы түрде аяқтаймыз, - деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Жалпы еліміз бойынша биыл 11 мың шақырымнан астам жол күрделі, орташа жөндеумен және қайта жаңартумен қамтылған. Сондай-ақ жұмыстар жаңа көпірлер салу мен абаттандыруды қоса алғанда, облыстық және аудандық маңызы бар жолдарда да жүргізілуде.

Алдағы жобалардың қатарында ұзындығы 765 шақырым, құны 725 млрд теңге болатын «Бейнеу – Сексеуіл» жолының құрылысы бар. Сонымен қатар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізін жаңғырту шеңберінде «Ақтөбе-Қызылорда» учаскесі екінші санаттан бірінші санатқа ауыстырылады. Бұл жұмыстарды биыл бастау жоспарланып отыр. 

Одан бөлек, Жаңаөзеннен Түрікменстанмен шекараға дейінгі жолды жаңғырту және жол инфрақұрылымының басқа да маңызды объектілерін аяқтау жалғастырылмақ.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Үкімет Торғай өңіріндегі әлеуметтік-экономикалық жобаларды іске асыруға басымдық берді