Ұлытау облысында апатты үйлерді сүру басталды

ЖЕЗҚАЗҒАН. KAZINFORM — Жезқазған қаласында реновация бағдарламасын іске асыру шеңберінде Абай көшесі № 53, 55, 57, 59 мекенжайларында орналасқан апатты тұрғын үйлерді сүру жұмыстары қарқын алды.

Фото: Ұлытау облысының әкімдігі

Ұлытау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, бірінші кезеңде Абай көшесіндегі № 57 тұрғын үй сүріледі. Келесі кезеңде қажетті дайындық және ұйымдастыру жұмыстары аяқталғаннан кейін № 59 тұрғын үйді бұзу жоспарланып отыр.

Демонтаж барысында шығарылған құрылыс қалдықтары мен қоқыстар арнайы техника арқылы қалалық қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына тасымалданып, белгіленген талаптарға сәйкес орналастырылатын болады.

Аталған жоба қаланың тұрғын үй қорын жаңғыртуға, тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға және заманауи тұрғын үй инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.

Айта кетейік, бұл төрт тұрғын үйдің орнына екі блоктан тұратын жаңа көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланып отыр.