Ұлытау облысында орташа жалақы қанша

Фото: Kazinform

ЖЕЗҚАЗҒАН. KAZINFORM — Биыл Ұлытау облысында жаңа нысандарды құру және жұмыс істеп тұрған нысандарды кеңейту арқылы 2 200 жұмыс орны құрылды және 8 200 адам жұмысқа орналастырылды. Бұл туралы облыс әкімі Дастан Рыспеков есептік кездесуінде айтып берді. 

Өңір басшысының айтуынша, жұмыссыздық деңгейі 4,1% болған, бұл жалпы республикалық көрсеткіштен төмен.

— Биылғы жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша орташа айлық жалақы (515 543 теңгеден 554 277 теңгеге дейін) 7,5%-ға өсті. 10 айдың қорытындысы бойынша атаулы әлеуметтік көмек алушылар отбасы саны 351 отбасыдан 340 отбасыға дейін 3,1%-ға азайды, — деді Дастан Рыспеков елордада Орталық коммуникациялар қызметінде.

Сондай-ақ, 2025 жылы «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында бірқатар іс-шаралар өткізілді. Оған жұмысшы мамандықтардың абыройын арттыру, кадр даярлау сапасын көтеру, жұмыс берушілермен өзара іс-қимылды кеңейту бағыттары кірген.

Айта кетейік, Ұлытау облысының бюджеті 30 млрд теңгеге артты.

Бұған дейін Дастан Рыспеков Жезқазғанда ескі фабрика ғимараты кәсіпкерлерге берілетінін айтқан еді.

Сондай-ақ, Ұлытау облысы әлеуметтік азық-түлік тауарларының 4 түрі бойынша өзін-өзі қамтамасыз етеді.