Ұлытау облысында полиция көктайғаққа байланысты тасжолдарда бақылауды күшейтті

АСТАНА. KAZINFORM — Полицейлер көліктердің қысқы дөңгелектерге ауыстырылуын тексеріп, жүргізушілерге жол қауіпсіздігі талаптарын түсіндірді.

Фото: Мақсат Шағырбаев / Kazinform

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, ауа райының күрт өзгеріп, көктайғақ пайда болуына байланысты Жезқазған — Қарағанды автожолының бойында патрульдік полиция ротасының инспекторлары профилактикалық жұмыстар жүргізді.

— Қар жауып, ауа райының күрт өзгеруіне байланысты жүргізушілерге жолда сақ болуды ескертеміз. Патрульдік полиция қызметкерлері жолда автокөліктерді тоқтатып, жүргізушілерге қысқы дөңгелектерге ауысу, көліктің техникалық жағдайын тексеру және жолда қауіпсіздік талаптарын сақтау қажеттігін түсіндіріп жатыр, — делінген хабарламада.

Полиция жүргізушілерді жылдамдық режимін, қауіпсіз арақашықтықты сақтауға және жолда барынша мұқият болуға шақырады.

Осыған дейін «ҚазАвтоЖол» ҰК жүргізушілерге ескерту жасап, Қазақстанның 11 облысында жолдар тайғақ болуы мүмкін екенін мәлім етті.