Қар мен көктайғақ: 11 облыста жүргізушілерге ескерту жасалды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның 11 облысында жолдар тайғақ болуы мүмкін, «ҚазАвтоЖол» ҰК жүргізушілерге ескерту жасады.
Бүгін Ақмола, Абай, Ақтөбе, Алматы, Қарағанды, Қостанай, Жетісу, Павлодар, Ұлытау, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында қар аралас жаңбыр жауып, кей жерлерде қар күтіледі.
— Осыған байланысты республикалық автожолдардың жекелеген бөліктерінде көріну қашықтығы төмендеп, жол беті тайғақ болуы мүмкін. Жүргізушілерге ауа райын ескеріп, қауіпсіз арақашықтықты сақтауды, жол жағдайына қарай жылдамдықты таңдауды және оқыс маневр жасамауды ұсынамыз, — деп ескертті ведомство мамандары.
Осыған дейін Павлодар өңірінде қар басу қаупі бар 222 жол учаскесі анықталғанын жаздық.