Павлодар өңірінде қар басу қаупі бар 222 жол учаскесі анықталды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Павлодар облысында қыс мезгілінде қар басу қаупі бар жалпы ұзындығы 414,48 шақырым 222 жол учаскесі анықталды. Оның басым бөлігі аудандық және республикалық маңызы бар автокөлік жолдарына тиесілі.

Павлодар облысында жолдар жабылуы мүмкін: жүргізушілерге ескерту жасалды
Фото: Kazinform\ЖИ

Өткен жылдардағы қысқы кезеңдердің тәжірибесі ескеріліп, қар басу қаупі бар учаскелердің тізімі жасалған. Атап айтқанда, республикалық маңызы бар жолдарда 170,48 шақырымды қамтитын 128 учаске, облыстық жолдарда 38 шақырымдық 11 учаске, аудандық маңызы бар жолдарда 206 шақырымдық 83 учаске бар.

- Қыс мезгілінде жолдардың қауіпсіз әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін мердігер ұйымдармен 43 шарт жасалған. Оның үшеуі облыстық, өзгесі аудандық маңызы бар автокөлік жолдарын күтіп ұстауға қатысты. Жергілікті маңызы бар жолдарды қысқы күтіп ұстауға 334 арнайы техника жұмылдырылады. Оның 101-і облыстық, 233-і аудандық маңызы бар жолдарға қызмет көрсетеді, - деп хабарлады өңірлік төтенше жағдайлар департаментінен.

Қар құрсауынан қорғау үшін облыстық маңызы бар жолдарда жалпы ұзындығы 9 710 метр қар тоқтатқыш қалқан орнатылған. 
Бұдан бөлек, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ жолдарды қар басудан қорғау жөніндегі жол картасын әзірлеген. Құжатқа сәйкес, 2 210 шақырым аумақта қар тоқтататын орлар мен үйінділер жасау, сондай-ақ 2 620 метр ағаш қалқан орнату жоспарланған.

Қысқы кезеңде жолдарда төтенше жағдай туындаса, тұрғындарды қабылдау үшін облыста 189 жылыту пункті әзірленген. Олардың жалпы сыйымдылығы 15 943 адамға арналған.

Еске сала кетейік, биыл қыста Павлодар өңірінің республикалық автожолдарында 10 жылыту пункті жұмыс істейді.