Прокуратура жүргізген талдау барысында жергілікті мәслихаттың тұрғын үй сертификаттарының мөлшері мен алушылар санаттарын бекіту туралы шешімі болмағаны анықталды.
Бұл жағдай ипотекалық несие арқылы баспана сатып алатын азаматтарға арналған мемлекеттік қолдау бағдарламасының іске асуына кедергі келтірген.
Тұрғын үй заңнамасына сәйкес, сертификаттар ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша бастапқы жарнаны толық немесе ішінара өтеуге беріледі.
Прокуратураның араласуынан кейін Қаражал қаласының мәслихаты сертификат мөлшері мен оны алуға құқығы бар азаматтардың санаттарын бекітті.
Енді сертификат ипотекалық қарыз сомасының 10 пайызы мөлшерінде беріледі. Оның көлемі 1,5 миллион теңгеден аспайды.
Осылайша, 700-ден астам азамат баспана алу кезінде мемлекеттік қолдауды пайдалана алады.
Еске салайық, бұған дейін Қостанайда бюджет қаражатына салынған 65 үй әлі сатылмай тұрғанын хабарлаған едік.