Қостанайда бюджет қаражатына салынған 65 үй әлі сатылмай тұр
АСТАНА. KAZINFORM — Қостанайдағы Құнай тұрғын алабында жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскелерін бөлу жұмыстары жалғасып жатыр. Жер беру туралы жүздеген қаулы қабылданғанымен, әзірше тек бір үй ғана пайдалануға берілген. Ал бюджет қаражатына салынған 124 дайын үйдің жартысынан азы сатылған.
Қостанай әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің мәліметінше, бүгінге дейін кезекте тұрған азаматтарға жер учаскелерін беру туралы 724 қаулы қабылданған. Оның ішінде азаматтар 274 сәулет-жоспарлау тапсырмасын алған, тағы 132 учаскеде болашақ үйлердің эскиздік жобалары келісілген.
Ал құрылыс жұмыстарына 24 жер пайдаланушы ғана кіріскен. Әзірше пайдалануға берілген тұрғын үй саны — біреу.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, жер берілгеннен кейін мамандар жалдау мерзімі аяқталғанша құрылыс барысын бақылап отырады. Бұл жұмыс SmartQostanai цифрлық сервисі арқылы да жүргізіледі.
Келісімшарт талаптарына сәйкес, жер учаскесінің иелері алты ай ішінде құрылыс алаңын қоршап, эскиздік жобаны келісуге міндетті. Ал тұрғын үй құрылысын толық аяқтауға үш жыл уақыт беріледі.
Жер учаскесін жеке меншікке рәсімдеу үшін үйді пайдалануға беру қажет. Егер учаске игерілмесе немесе нысаналы мақсатына сай пайдаланылмаса, әкімдік жалдау шартын бұзу үшін сотқа жүгіне алады.
Сонымен қатар Құнайда бюджет қаражатына салынған дайын жеке тұрғын үйлерді сату жалғасып жатыр. 2025 жылы жалпы 124 бір және екі қабатты үй пайдалануға берілген.
Жер қатынастары бөлімінің мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері мұндай баспана сатып алуға 500-ден астам әлеуетті сатып алушы өтініш білдірген. Алайда олардың көбі несие алу үшін банктер қойған талаптарға сәйкес келмейді.
Әкімдік өкілдері сатып алушыларды нарықтағы орташа бағадан төмен бағаға жер учаскесімен бірге үй сатып алу мүмкіндігі қызықтыратынын атап өтті.
Қала тұрғындарының қызығушылығына қарамастан, бүгінге дейін 59 үй ғана сатылған. Демек, әлі 65 үй өз сатып алушысын тапқан жоқ. Әкімдіктің түсіндіруінше, бұл баспаналарды сатуға арналған арнайы бағдарлама жоқ. Үйді қолма-қол ақшаға немесе банк несиесі арқылы сатып алуға болады.
Еске салайық, бұған дейін Қостанай қаласында жеке тұрғын үй салу үшін тегін жер телімін алуға шамамен 50 мың адам кезекте тұрғанын хабарлаған едік.