Ұлытау облысының әкімі Жезқазған теміржол вокзалындағы жаңғырту жұмыстарын бақылады

ЖЕЗҚАЗҒАН. KAZINFORM — Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен жұмыс сапары барысында Жезқазған қаласындағы теміржол вокзалын жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты.

Фото: Ұлытау облысы әкімдігі

Бүгінде нысанда ішкі және сыртқы қабырғаларды тегістеу, шатыр жабындысын ауыстыру, ішкі әрлеу, жылу, желдету және су бұру жүйелерін орнату жұмыстары толық аяқталған. Қазіргі таңда ғимараттың қасбетін әрлеу және екінші қабаттағы инженерлік жүйелерді монтаждау жұмыстары жүргізілуде.

Фото: Ұлытау облысы әкімдігі

Жаңғырту аясында вокзалға заманауи эскалатор мен лифт орнатылған. Екінші қабатта жолаушыларға арналған фудкорт орналасады. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кедергісіз жүріп-тұруына барлық қажетті жағдай қарастырылған.

Фото: Ұлытау облысы әкімдігі

Жалпы аумағы 2 500 шаршы метр болатын нысанды аралау барысында облыс әкімі қасбетті әрлеуде қолданылатын заманауи сәндік сылақтың сапасына ерекше назар аударып, құрылыс жұмыстарының жоғары деңгейде орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ аумақты абаттандыру жұмыстарын белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды қатаң бақылауда ұстауды міндеттеді.

Фото: Ұлытау облысы әкімдігі

Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ұлытау облысында төрт теміржол вокзалын жаңғырту жұмыстары жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Жезқазған және Қаражал қалаларындағы вокзалдар, Қызылжар станциясы мен Жаңаарқа кентіндегі теміржол вокзалдары толық жаңғыртылып жатыр. Барлық төрт нысанды биыл пайдалануға беру жоспарланған. 

Фото: Ұлытау облысы әкімдігі