Ұлытау облысының бюджеті 30 млрд теңгеге артты

Фото: ОКҚ

ЖЕЗҚАЗҒАН. KAZINFORM — Ұлытау облысында биылғы жартыжылдықта жалпы өңірлік өнім 1 трлн теңге болып, 1,1% өсті. Жан басына шаққанда бұл көрсеткіш 4,6 млн теңге болды. Өңір республика бойынша үшінші орында тұр. 

Облыс әкімі Дастан Рыспековтың айтуынша, 10 айдың нәтижесінде көлік және қоймалау, құрылыс, тұрғын үйді пайдалануға беру, инвестициялар, сауда және ауыл шаруашылығы салаларында динамика байқалады.

 Жыл басынан бері өңір экономикасының қарқын алуына байланысты облыс бюджетінің кірістері 29,7 млрд теңгеге немесе 20%-ға артып, 178 млрд теңге болды. Облыста қысқа мерзімді экономикалық индикатордың 70% өнеркәсіп саласы құрағандықтан, аталған индикатор 99,7 пайыз болды. Әлеуметтік сала облыстың бюджеттің шамамен 50%-ы. Сәйкесінше барлық әлеуметтік міндеттеме орындалып жатыр, — деді Дастан Рыспеков елордада Орталық коммуникациялар қызметінде.

Өткен жылы экономиканы әртараптандыру бағытында жалпы сомасы 34 млрд теңге болатын 9 жоба іске қосылды. Биыл 138 млрд теңгелік 17 жаңа инвестициялық жоба жүзеге аса бастады. Соның ішінде мұнай базасы, жел электр станциясы және респиратор шығаратын зауыт құрылысы аяқталды.

Сонымен бірге, Сәтбаев қаласында индустриялық аймақ құрылып, жалпы құны 5 млрд теңге болатын үш жоба пысықталып жатыр.

Айта кетейік, 2028 жылға дейін Ұлытау облысында 25 инвестициялық жоба пулы жүзеге асады