Ұлытау: Сәтбаевтың ізі қалған мекеннің әлеуеті қандай

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлытаудың бүгінгі келбеті қандай? Қаланың тазалығы, абаттандырылуы мен инфрақұрылымы тұрғындардың көңілінен шыға ма? Мәселе Jibek Joly телеарнасының «Таза қала» бағдарламасында сараланды.

Фото: видеодан алынған скрин

Көрікті өлкенің көлеңкелі тұстары

Ұлытау – Ұлы даланың сырын қойнына бүккен қасиетті өлке. Дегенмен өңірдегі тазалық мәселесі толық шешім таппаған. Бағдарламаның алғашқы маусымында облыс орталығындағы қоқыс орындары көрсетілген еді.

Фото: видеодан алынған скрин

Арада екі жыл өтсе де, кейбір аумақтағы жағдай өзгермеген.

– Лас жер. Қоқыс тазалайтын мамандар арасында келеді. Әсіресе, Байқоңыр көшесінде жағдай нашар, – деді белсенділер.

Тұрғындар атап өткен Байқоңыр көшесі, 123А мекенжайында тұрмыстық қалдықтар мен құрылыс заттары үйіліп жатыр. Түсірілім кезінде жүк көлігі келіп, контейнерлерді тазалағанымен, аумақтағы қоқыстың барлығы жиналмады.

– Қоқыс шашылып жатыр. Контейнерлер толып, желмен ұшқан сияқты, – деді қала тұрғыны Әбдіжәлел Жаппарбаев.

Фото: видеодан алынған скрин

Тазалықпен қатар, тұрғындарға арналған аула инфрақұрылымы да сын көтермейді. Балалар алаңының тозығы жеткен, түнгі жарық жоқ. Жаяу жүргіншілерге арналған жол асфальтталмаған, ал көлік қоятын тұрақ тіпті байқалмайды.

Жезқазған ескекшілері қалай жаттығады?

Қаладағы су айдыны тазалық пен абаттандырудан бөлек, спортшылар үшін де маңызды нысан. Мұнда байдарка мен каноэде ескек есуден жаттығатын спортшылар ел намысын халықаралық жарыстарда қорғап жүр.

Фото: видеодан алынған скрин

Облыстың бас жаттықтырушысы Егор Борисовтың айтуынша, Жезқазғанда бұл спорт түрімен айналысуға қажетті жағдай бар.

– Спортпен шұғылдануға қажетті су бар. Рас, жел болады. Соған қарамастан, біздің спортшыларымыз осындай ауа райы жағдайында дайындалып, жүлделі болып жүр, – деді ол.

Фото: видеодан алынған скрин

Спортшылар үшін су айдынының жағдайы қаншалықты маңызды болса, оның тазалығы да соншалықты өзекті. Жаттығу табиғат аясында өтетіндіктен, жағалаудың тазалығын сақтау спорт мектебі ұжымының да назарында. Олар сенбіліктерге тұрақты қатысып, аумақты абаттандыруға атсалысады. Ал қалаға келген тұрғындар мен қонақтар үшін ескек есу жарыстары Жезқазғандағы спорттық өмірдің бір бөлігіне айналған.

– Жақында бізде Қазақстан чемпионаты өтті. Спортшылар жарысып, өзара бақ сынады. Менің ойымша, бұл – өте тартымды әрі көрерменге қызық спорт түрі. Әсіресе қысқа қашықтықта, 200 метрлік спринт кезінде бәсеке тіпті қыза түседі. Судағы тартыс, жан-жаққа шашыраған су, спортшылардың айқайы – бәрі жарысқа ерекше атмосфера береді, – деді спортшы Тимофей Таранов.


Туризмнің тірегі – жол мен тазалық

Өңірдің туристік әлеуетін арттыру үшін тарихи орындарды таныстырумен қатар, оған апаратын жол мен елді мекендердің тазалығына да көңіл бөлу қажет. Тұрғындар бұл бағытта атқарылатын жұмыс аз емес екенін айтады.

– Жолды дұрыстау қажет. Одан кейін қордаланған қоқысты жүйелеу кезек күттірмейді, – деді олар.

Фото: видеодан алынған скрин

Ұлытаудың тыныс-тіршілігін жақсы білетін, 70 жасында Қазақстанды жаяу шарлаған, Гиннестің рекордтар кітабына енген Сәрсенбай Қотырашов та тазалық мәселесіне қатысты байқағанын айтты.

– Мәдениеті керемет Германияда болдым. Тұрғындар темекісін шегіп болған соң көшенің бойына лақтырып жібереді, – деп қынжылды ол.

Ақсақалдың айтуынша, тазалық мәдениеті кез келген елдің келбетіне әсер ететін маңызды фактор.

Тарихи орын туристерді қарсы алуға дайын ба?

Бағдарлама жүргізушісі тарихтың алтын қазынасы саналатын өңірдегі хан ордасына барып, тынысымен танысты.

Кезінде қазақ хандарының жайлауы болған мекенге келген туристер хан тағына отырып, ырымдап, қасиетті топырағына аунайды. Халық арасында оған отырған адамның мансабы көтеріледі деген наным бар.

Фото: видеодан алынған скрин

Алайда туристік ағын көбейген сайын инфрақұрылымға қойылатын талап артады. Қазір мұнда жол мен көлік қатынасынан бөлек, қарапайым қажеттіліктердің өзі толық қамтамасыз етілмеген. Тіпті туристерге арналған дәретхана табу қиын. Ұлытау ауданындағы тарихи орынға келген саяхатшы жақын маңдағы елді мекенге де соқпай өтпейді. Алайда мұнда қонақтарды абаттандырылған орта емес, сүреңсіз үйлер мен жөндеуді қажет ететін көшелер қарсы алатыны байқалып тұр.

Сапар орталығы бар, сервистік инфрақұрылым ақсап тұр

Ұлытауда туристерге бағыт-бағдар беріп, өңірдің тарихи-мәдени мұрасын таныстыратын Сапар орталығы жұмыс істейді. Мұнда қонақтар алдымен аймақтың тарихымен танысып, бағытын жоспарлайды. Өңірде үш жүзден астам тарихи-мәдени ескерткіш бар, оның 12-сі республикалық маңызға ие.

Фото: видеодан алынған скрин

Ал археологиялық қазбалардан табылған түпнұсқа жәдігерлер туристердің қызығушылығын арттырып отыр.

– Туристердің қызығушылығын арттыратын дүниелердің бірі – Ұлытау жерінен табылған жәдігерлер. Көбіне қола дәуіріне жататын, қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер қойылған. Туристер осындай жәдігерлерге қызығушылықтарын білдіреді, – деді экскурсия жетекшісі Қымбат Мағзұмова.

Сапар орталығындағы картадан саяхатшылар жиі баратын тарихи нысандарды да көруге болады. Жошы хан, Алаша хан кесенелері, Хан Ордасы, Алтыншоқы мен Әулиетау – туристер назарындағы негізгі бағыттар. Мәселен, орталықта Жошы хан кесенесіне қатысты тарихи жәдігер қойылған.

– Жошы хан мазарына, оның ұрпақтарына қатысты мазарларға да қызығушылықтары жоғары. Сонымен қатар Жошы хан мазарының кірпіштеріне де ерекше назар аударады. Оның ішінде қандай материалдар қолданылғаны, кірпіштерінің құрамы қандай болғаны туристерді қызықтырады, – деді экскурсия жетекшісі.

Фото: видеодан алынған скрин

Алайда туристік нысандарды таныстырумен іс бітпейді. Саяхатшы тарихи орындарға барар жолда елдімекеннің өзіне де көз жүгіртеді. Ал туризмнің негізгі нүктесіне айналған аудандағы көшелердің қазіргі көрінісі бұл талапқа толық сай емес. Қонақ үй, сапалы тамақтану орындары мен сервистік нысандар көбейсе, туристердің ауданда аялдау уақыты да ұзармақ. Бұл жергілікті экономикаға қосымша серпін берер еді...

Сенбілік қалай өтеді?

Туризмді дамыту үшін елді мекеннің сырт келбеті де маңызды. Осы бағыттағы жұмыстардың бірі – «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы сенбіліктер. Бағдарлама жүргізушісі аудан аумағында ұйымдастырылған ауқымды тазалық жұмысына да қатысты.

Фото: видеодан алынған скрин

Аудандағы 15 ауылдық округтің барлығы акцияға тұрақты атсалысады. Тұрғындарға туған жерді таза ұстау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Нәтижесінде көшелер мен қоғамдық орындарда бей-берекет жатқан қоқысты көп кездестірмейсіз.

– Жылына екі рет осылай шығып тұрамыз. Сенбі күні, сосын «Таза бейсенбі» күндері, – деді Ұлытау ауданының әкімі Аманжол Мырзабеков.

Фото: видеодан алынған скрин

Сенбілікке шыққан қатысушылар жұмысты созбалаңға салмады. Әрқайсысы өзіне бөлінген аумаққа кірісіп, қолғап пен қаптарын дайындап, тазалыққа білек сыбана кірісті. Аудан тұрғындарының ортақ іске белсенді араласуы қалыптасқан әдетке айналып келе жатқанын аңғартты.

Табиғи байлық – туристік нысан

Ұлытаудың туристік әлеуетін арттыратын тағы бір бағыт – табиғи нысандар. Соның бірі – жергілікті халық үшін табиғи байлықпен қатар, талай жылдан бері қасиетті мекен саналып келе жатқан Тасбұлақ. Былтыр бұлақ маңы ірі компанияның қолдауымен абаттандырылып, келушілерге қажетті жағдай жасалған.

Фото: видеодан алынған скрин

Облыс тұрғыны Серік Баймағанбетовтің айтуынша, саяхатшыларды мұнда бұлақтың мөлдір суы қызықтырады.

– Жердің астынан мөлдір бұлақ ағып жатыр. Оның қысы-жазы суы тартылмайды. Алматыдан, Қарағандыдан, Қостанайдан турист көп келеді, – деді Серік Баймағанбетов.

Қарсақпайдағы тарихи мұра

Өңірде қазақ ғылымы мен өнеркәсібінің тарихынан сыр шертетін орындар да бар. Соның бірі – Қаныш Сәтбаевтың Қарсақпайдағы музей-үйі.

Фото: видеодан алынған скрин

Қазақтың тұңғыш академигі Қаныш Сәтбаев Ұлытау-Жезқазған өңірінде 15 жыл тұрып, аймақтың геологиясы мен өнеркәсібінің дамуына зор үлес қосты. Ғалым тұрған қарапайым үй бүгінде мемлекеттік музейге айналған. Қарсақпайға келген туристер Сәтбаевтың өмірі мен еңбегіне қатысты осы тарихи орынға арнайы ат басын бұрады.

Музейдің алғашқы бөлмесінде Сәтбаевтар отбасының қонақ бөлмесі сақталған. Мұнда ғалымның жеке заттары қойылып, сол кезеңнің атмосферасы барынша өзгеріссіз қалдырылған. Экспозициядағы ең құнды жәдігерлердің бірі – 1964 жылы жасалған Қазақстанның геологиялық картасы. Онда елдің геологиялық құрылымы көрсетіліп, картаны жасауға атсалысқан ғалым шәкірттерінің есімдері де берілген.

Фото: видеодан алынған скрин

Келесі бөлме – Қаныш Сәтбаевтың жұмыс кабинеті. Мұнда оның жеке жұмыс үстелі, картамен жұмыс істеуге арналған тақтайша мен шағын диван орналасқан. Музей-үй 2018 жылы жөндеуден өтіп, экспозиция залдары жаңғыртылған. Қазір ғимараттың айналасы да абаттандырылған.

Фото: видеодан алынған скрин

Тарихи мұрамен танысуға мүмкіндік бар болғанымен, туристі бірнеше күнге аялдататын жағдай әзірге жеткіліксіз. Ауылда қонақ үй жоқ. Сондықтан Қарсақпайға келген саяхатшы музейді аралап, ашық аспан астындағы жәдігерлермен танысқан соң ұзақ аялдай алмайды.

Алғаш өндірілген мыс музей қорында

Келесі бағыт – Жезқазғандағы тау-кен және байыту өндірісі тарихы музейі. Жезді кентіндегі нысан кен өндіру тарихын көзбен көріп, қолмен ұстап тануға мүмкіндік береді. Музейдің ерекшелігі – тау-кен өндірісіне қатысты ірі экспонаттардың бір бөлігі ашық аспан астында орналасқан.

Фото: видеодан алынған скрин

Мұндағы құнды жәдігерлердің бірі – Қарсақпай мыс қорыту зауытында пайдаланылған шөміш. Сонымен қатар 1928 жылы Қарсақпайда алғаш өндірілген мыс үлгілерінің бірі сақталған.

– Музейде тұрған шөмішпен Қарсақпай мыс қорыту зауытында мыс байытылған. Бұған қоса 1928 жылы ең алғашқы қорытылған мыс үлгілерінің бірі сақталған. Қарсақпайда ең алғаш өндірілген мыс бар. Бірнеше жылдан кейін оның тарихына тура жүз жыл толады, – деді экскурсия жетекшісі Мағжан Нұрбала.

Фото: видеодан алынған скрин

Музей аумағында Жезқазған кенін Қарсақпайға тасымалдаған паровоздан бастап, алып өндірістік техникаға дейін қойылған. Экспозициядан ағылшындар салған Қарсақпай мыс балқыту зауытының тарихын да көруге болады. Өндірістік мұраның мұндай үлгілері Қазақстанның әр өңірінен келген қонақтармен қатар, АҚШ пен Еуропадан саяхатшыларды да қызықтырады.

– «1909» және «Лондон» деп жазылған. Бұл – динамо машинасының бөлшегі, яғни маховигі. Мына жерде оның екі бөлшегі тұр. Бұл техника Америкадан, яғни АҚШ-тан XIX ғасырда әкелінген. Сол кездегі техниканы Қарсақпайға жеткізу үшін арнайы темір жол пайдаланылған. Мыс өндіруге қажетті барлық техника темір жол арқылы және қазақтардың көмегімен Қарсақпайға жеткізілген, – деді экскурсия жетекшісі.

Тоғыз жолдың торабындағы тығырық

Ұлытаудың туристік әлеуеті жоғары болғанымен, оған жету мен өңір ішінде қатынау мәселесі әлі де өзекті. Әсіресе ауданаралық жолдардың жағдайы жолаушыға оңай тимейді. Халық арасында бұл бағытты «Барсакелмес» деп атап кеткен. Жезқазғанға дейінгі жолды айтпағанда, аудан арасына қатынаудың өзі қиын. Жол бойында қарапайым жағдайдың, тіпті бір жұтым су ішетін мүмкіндіктің жоқтығы да жолаушыға салмақ салады.

Фото: видеодан алынған скрин

Олай-бұлай өткен жолаушы Қызылорда облысының шекарасына жеткенде қуанып, Қарағандыға іліккенде бір тыныстап қалады. Ал Ұлытаудың жолына түскенде сабырдың сынағы басталғандай әсер қалдырады. Қазақстанның қақ ортасында, тоғыз жолдың торабында орналасқан өлке – солтүстікті оңтүстікпен, шығысты батыспен жалғайтын маңызды бағыттардың бірі. Мұнда көлік қозғалысы жанданып, жол бойындағы елді мекендер мен кәсіп, туризм қатар дамуы тиіс.

Ұлытаудың тарихи жүрегі

Ұлытауға жеткен жолаушыны енді ғасырлар қойнауынан сыр шертетін тарихи мұра қарсы алады. Соның бірі – Алтын Орда дәуірінен жеткен Жошы хан кесенесі. Дәл осы маңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы өтті. Осылайша, тарихи мұра сақталған мекен ел болашағы талқыланған маңызды алаңға айналды.

Фото: видеодан алынған скрин

Бүгінде кесене Ұлытауға келген туристердің негізгі бағыттарының бірі. Кешен 2022 жылы ашылған, кіру билеті – 1000 теңге. Шетелден және еліміздің әр өңірінен келетін қонақтарға мұнда қажетті жағдай жасалған. Аумағы абаттандырылып, асхана мен жатын орын қарастырылған. Келушілерге үш тілде электронды ақпарат ұсынылады. Ал тарихи туристік картамен танысып, қазақтың музыкалық аспаптарын тыңдау арқылы ұлттық мәдениетке жақынырақ үңілуге мүмкіндік бар.

Кешеннің айналасын көгалдандыру жұмыстары да жалғасып келеді. Биыл 500-ден астам ағаш отырғызылып, көгал төселіп, тамшылатып суару жүйесі іске қосылған.

Жошы ұлысының тарихы қазақ мемлекеттілігімен сабақтас. Тіпті ұлттық валютамыз – теңгенің атауы да Жошы ұлысы дәуірінде қолданылған «данг» монетасының атауымен байланыстырылады. Сондықтан Ұлытаудың шетелдік зерттеушілер мен туристерді қызықтыруы заңды.

Мәселелер қалай шешіледі?

Бағдарлама барысында жергілікті билік мәселелер бойынша пікір білдірді. Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Жайлаубаевтың айтуынша, қазір негізгі бағыттарда жол құрылысы мен жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

– Қызылорда–Жезқазған тас жолының құрылысы жүріп жатыр. Бұл бағытта төрт компания жұмыс істеп жатыр. Жоспар бойынша жол құрылысы 2027 жылы аяқталуы тиіс. Жалпы, алдағы уақытта 29 жол учаскесін аяқтау жоспарланған. Оның ішінде негізгі жұмыстарды 2028 жылға дейін бітіру көзделіп отыр. Менің ойымша, осы жобалар толық жүзеге асса, Жезқазғанның көлік-логистикалық мүмкіндігі айтарлықтай артады. Әсіресе Ақтөбе мен Жезқазған арасындағы жолдың да аяқталуға жақын екенін ескерсек, өңір үшін бұл үлкен мүмкіндік, – деді ол.

Фото: видеодан алынған скрин

Көлік қатынасы жақсарса, оның әсері тек жол сапасымен шектелмейді. Логистикалық байланыстардың күшеюі халық санының өсуіне, кәсіпкерлік пен туризмнің дамуына және өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің артуына мүмкіндік береді.

– Бірінші кезекте елді мекеннің әлеуетін арттыруымыз керек. Соған қарай туристерді қабылдайтын инфрақұрылымды да кезең-кезеңімен дамытамыз, – деді Бақытжан Жайлаубаев.

Тарихи нысандарға апаратын жолдардың жағдайы да назардан тыс қалмаған. Былтырғы жоспар аясында Сәтбаев қаласынан Жошы хан кесенесіне дейінгі және Домбауыл бағытына дейінгі 19,5 шақырым жол жөнделді. Қазір жұмыстың 90 пайызы аяқталған. Алдағы кезеңде Хан ордасы мен өзге де тарихи орындарға апаратын жолдарды жөндеу жалғасатынын білдік.

Қорытынды қандай?

Бағдарлама дәстүріне сай, Ұлытаудың жағдайына сарапшылар да баға берді.

Фото: видеодан алынған скрин

Туризм саласындағы инвестицияларды тарту және ілгерілету басқармасының басшысы Мөлдір Боздақбаева өңірдегі басты мәселелердің бірі – инфрақұрылым екенін атап өтті.

– Ұлытауда туризмді алға жылжытуға болады. Ол үшін бірінші кезекте жолды реттеу керек, – деді сарапшы.

Фото: видеодан алынған скрин

Ал туризм саласының сарапшысы Базарбек Қамысбаев тарихи туризмнің әлеуеті толық пайдаланылмай отырғанын айтты.

– Өңірде тарихи туризмді дамыту қажет. Бірақ потенциал ашылмай тұр, – деді ол.

Мәселенің тағы бір қыры – қоршаған ортаның тазалығы. Урбанист-архитектор Тұрсын Жиенбаева тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттырып, қоқысты басқару жүйесін реттеу қажеттігін алға тартты.

Фото: видеодан алынған скрин

– Тазалық сақтау мәселесін, қоқысты жүйелеу керек, – деді Тұрсын Жиенбаева.

Осылайша, бағдарламаның қорытынды есебінде жаңадан құрылған Ұлытау облысы 14 ұпай жинады. Бұған дейінгі бағдарламада Балқаштың туристік әлеуеті талданған болатын.