Ұлытауда туризм саласына 3 млрд теңге инвестиция тартылған
ЖЕЗҚАЗҒАН. KAZINFORM — Биыл алғаш рет Ұлытау облысының бюджетінен туризмді дамытуға 100 млн теңге бөлінді. Туристік әлеует туралы өңір әкімі Дастан Рыспеков айтып берді.
Әкімнің айтуынша, туризм облыс экономикасын әртараптандыру жөніндегі маңызды бағыттардың бірі саналады.
— Жыл басынан бері туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 46%-ға өсіп, 3 млрд теңгені құраған. Орналастыру орындары көрсеткен қызметтер 23%-ға өсіп, 612,8 млн теңгені құрады және 22 мыңнан аса адамға қызмет көрсетті, — деді әкім елордада Орталық коммуникациялар қызметінде.
Облыс орталығы Жезқазғаннан Астана, Алматы, Қарағанды және Шымкент қалаларына тұрақты әуе қатынасы бар және аптасына 46 рейс жүргізіледі.
Туристер санының жыл сайын ұлғаюына байланысты жаңа қонақүй кешендерін салу қажеттілігі бар. Биыл жалпы құны 1,9 млрд теңгені құрайтын тағы 3 қонақүй пайдалануға беріледі.
— Биыл алғаш рет Ұлытау облысының бюджетінен туризмді дамытуға 100 млн теңге бөлінді. Бұл қаражат өңірдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталып, бірқатар ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Мәдени бағыттағы шаралар аясында танымдық турлар, «Ұлы дала самалы мен дәмі» республикалық батпырауық және гастрономиялық фестиваль, сондай-ақ халықаралық деңгейде туризмді белсенді насихаттау мақсатында «Дала энергиясы» джип-туры өткізілді, — дейді Д. Рыспеков.
Бұл жобалар арқылы Қазақстан мен ТМД елдеріне Ұлытау облысының табиғи байлығы, тарихи орындары және экотуризм әлеуеті таныстырылған.
Туристік инфрақұрылымды дамыту мақсатында Сәтбаев қаласынан Жошы хан кешеніне дейін автожол салынып жатыр. Сондай-ақ, жекеменшік инвестициялар есебінен Тасбұлақ аумағы абаттандырылды.
Айта кетейік, 2026 жылы Жезқазғаннан Балқаш пен Түркістан қалаларына жаңа әуе рейстері ашылады.