Үлкен Алматы каналын қайта жаңғыртуға қосымша 400 млн теңге қажет
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматының экология және қоршаған орта басқармасы Дінмұхамед Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналындағы жөндеу жұмыстарын жалғастыру үшін қосымша 400 млн теңге бөлуді сұрады.
Депутаттар Мәслихаттың XXXVIII сессиясында бұл қаражаттың нақты қайда жұмсалатынын және жөндеудің қашан аяқталатынын сұрады.
Басқарма басшысының міндетін уақытша атқарушы Мәдияр Қожекеновтің айтуынша, Үлкен Алматы каналына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары жоспарға сай орындалып жатыр.
— Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналын күрделі жөндеу қазір жүзеге асырылып жатыр. Биылға жоспарланған жұмыстар толық аяқталды. Демонтаж, канал бойындағы арнаны механикалық тазалау, сондай-ақ бүлінген темірбетон бөліктерін жөндеу жұмыстары атқарылды, — деді ол.
Оның сөзінше, басқарма жөндеуді белгіленген мерзімнен бұрын аяқтауды жоспарлап отыр.
— Жыл соңына дейін инженерлік желілерді тарту және бетондау жұмыстары жалғасады. Осы атқарылатын жұмыстарға кемінде 400 млн теңге қажет. Жалпы жұмыстардың 35%-ы ғана орындалды. Келісімшарт бойынша нысан 2026 жылғы қазанда аяқталуға тиіс. Біз жұмысты мерзімінен бұрын бітіруге күш саламыз, — деді Қожекенов.
Айта кетейік, Үлкен Алматы каналы 1980 жылдардың басында пайдалануға берілген. 2025 жылы жазда басталған қайта жаңғырту жұмысының құны 12,4 млрд теңге деп бағаланған. Мердігер — Сайран мен Үлкен Алматы көлі жобаларымен айналысқан компания, бұл жұмыстар кешіктіріліп аяқталған еді.
Еске салайық, бұған дейін Алматының 2025 жылғы бюджетіне түзету енгізілгенін жазғанбыз.