А.Ғаббасованың мәлім еткеніндей, шәкіртінің мезгілсіз дүниеден өткені өте ауыр тиген.
— Көз алдыма мектеп қабырғасында жүрген жуас мінезді, ақкөңіл, тәрбиелі баланың бейнесі қайта-қайта келе береді. Оқушы кезінен Махамбет, Мағжан өлеңдерін ерекше ықыласпен, мәнеріне келтіріп оқитын. Байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болғаны әлі күнге дейін көз алдымда. Сахнадағы толқынысы, қуанышы, өнерге деген құштарлығы ұстаздық жадымда мәңгі сақталары анық, — дейді А.Ғаббасова.
Сынып жетекшісі болған оның айтуынша, Өмірбек Өмірболатұлы жан-жақты, өнерге жақын бала еді. Мәнерлеп оқумен қатар, гитарада ойнап, сурет салатын. Әр ісіне жауапкершілікпен қарап, өзінің ерекше қабілетімен көзге түсетін.
— Әулетінің тұңғыш немересі, әжесінің бауырында өскен ардақты перзент еді. Атасы Өмірзақ — Ауғанстан соғысының ардагері. Осындай үлкен әулеттің үкілеген үміті, әжесінің аялап өсірген немересі еді. Ұстаз үшін әр шәкірттің орны бөлек. Ал өмірден тым ерте кеткен шәкірттің бейнесі көңілде тіпті ерекше сақталады екен. Ел қорғау жолында жүріп, туған үйіне оралуына небәрі 9 күн қалған еді дегенді есту тіпті ауыр, — деді А.Ғаббасова.
Маңғыстауда Батыс Қазақстан облысынан қаза тапқан тағы бір сарбаз Жеңіс Темірғалиев Бөрлі ауданы орталығы Ақсай қаласындағы № 1 орта мектепте білім алған.
Ұстаздарының еске түсіруінше, Жеңіс Тілеуішұлы білім ордасында аса ықыласпен оқып, пәндер бойынша жақсы бағаларға ие болды. Ол сабақтарға белсенді қатысты, өз ойын нақты әрі толық жеткізе алды, берілген тапсырмаларды уақытылы әрі сапалы орындады. Өз бетінше жұмыс істеу дағдысы жақсы дамыған, қиындықтарды жеңуде табандылық көрсете білді.
Тіл, әдебиет, жаратылыстану, тарих пәндерін қызығушылықпен оқыды, спорттық шараларға, түрлі байқауларға белсенді қатысты. Әсіресе, бадминтон, футбол, баскетбол спорты түрлері бойынша жүлделі орындардан көрінді.
— Сыныптастарымен қарым-қатынасы жақсы, достарына көмектесуге әрдайым дайын тұратын еді. Мұғалімдер мен үлкендерге құрметпен қарайтын, тәртібі үлгілі оқушыларымыздың бірі болды. Ұжымдық іс-шараларда белсенділік танытып, сыныптың қоғамдық өміріне белсене араласты. Отбасымен тұрақты байланыста болдық. Ата-анасының тәрбиесін алған сыпайы, ақкөңіл, салмақты, ерекше оқушы болды. Білімге құштар, өмірде алар асулары мол еді. Осындай шәкіртіміздің өмірден ерте кеткені өте өкінішті. Отбасына, барлық ағайын-туыстарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз, — дейді Жеңіс Темірғалиевтің мұғалімдері.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Маңғыстауда қаза тапқан әскери қызметшілерді аты-жөндері белгілі болғанын жазған едік.
Сондай-ақ Маңғыстауда қаза тапқан батысқазақстандық сарбаздардың денесі Оралға жеткізілді.