Бүгінде Қазақстанның әрбір баласында бұрын-соңды болмаған мүмкіндіктер бар. Ол - Ұлттық қордан түсетін қаражат. Балаға берілетін бұл қаражат уақыт өте келе бірнеше миллион теңгеге дейін өсіп, оның білім алуына немесе жеке баспанасын сатып алуына жұмсалуы мүмкін. Ата-аналар үшін басты артықшылығы – жинақты нөлден бастаудың қажеті жоқ. Себебі алғашқы қадамды мемлекет жасап қойды.
Алғашқы капитал қазірдің өзінде бар
2024 жылдан бастап Қазақстанның әрбір баласына Ұлттық қордан инвестициялық табыстың бір бөлігі аударылады. Бағдарламаға үш жыл қатарынан қатысып келе жатқан балалардың шотында қазірдің өзінде 370,56 АҚШ доллары жинақталды. 18 жасқа толған қазақстандықтар бұл қаражатты бірден пайдалана алады. Оны тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе білім алуға төлеуге жұмсауға болады.
Жинақ сомасы әзірге салыстырмалы түрде аз. Сондықтан қазақстандықтардың басым бөлігі бұл қаражатты бастапқы капитал ретінде пайдаланып, әрі қарай жинақтарын жалғастырып, «Отбасы банкіндегі» депозиттерін толықтырады. Мұны қазірдің өзінде 198 949 жасөспірім жасады. Үш жыл ішінде олар Ұлттық қордан түскен 19,5 млрд теңгені жинақ шоттарына бағыттаған.
Олардың барлығы қаржылық сауаттылықтың негізгі қағидатын жақсы түсінеді: ақша қозғалыста болуы керек. Өйткені кәмелетке толғаннан кейін қаражат БЖЗҚ-дағы нысаналы шотта қала берсе, оған қосымша табыс есептелмейді. Ал егер ақша 10 жыл ішінде пайдаланылмаса, ол шот иесінің зейнетақы шотына аударылады.
Ұлттық қордан түскен қаражатты «Отбасы банкіне» салу арқылы алдағы уақытта баспана алғысы келетін жандардың бірі – Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданына қарасты Ембі қаласының тұрғыны Ақбота Қонысбаева. Бүгінде ол Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде физика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алып жатыр.
- «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы еліміздің болашағы саналатын жас ұрпаққа жасалған үлкен мүмкіндік деп ойлаймын. Бұл қаражатты жай ғана берілетін қаржы ретінде емес, болашаққа жасалған маңызды қадам ретінде қабылдадым. 18 жасқа толған соң, мен бұл қаражатты «Отбасы банкіндегі» жинақ шотыма салуды шештім. Себебі, қазіргі таңда мен үшін ең үлкен мақсаттардың бірі – болашақта өз баспанама қол жеткізу. Менің ойымша, бұл қаражатты дұрыс жоспарлап, ұзақ мерзімді мақсатқа бағыттау – әр жас үшін маңызды. Бүгінгі таңда салынған әрбір теңге ертеңгі күнге деген сенімнің іргетасын қалайды. Қазіргі таңда сол қаражатты болашақ баспанама арналған жинағымның алғашқы қадамы ретінде қабылдап отырмын, - деді болашақ ұстаз.
Ақбота Ұлттық қордан түскен қаражаттың Отбасы банкіндегі жинағын көбейтуге көмектесетінін жақсы біледі.
Міне, бұл былай жұмыс істейді:
- жинаққа банктің 2% мөлшеріндегі сыйақысы және 200 АЕК-тен аспайтын сомаға 20% мөлшерінде мемлекеттік сыйлықақы есептеледі. Мемлекеттік сыйлықақыны ескергенде, депозит бойынша ЖТСМ 14%-ға дейін жетеді;
- қаражатты тұрақты түрде жинақтау арқылы жылдық 3,5%-дан 8,5%-ға дейінгі мөлшерлемемен тұрғын үй заемын алуға болады;
- бастапқы жарнасы мен мөлшерлемесі төмендетілген тұрғын үй бағдарламаларына, оның ішінде «Наурыз» бағдарламасына қатысу мүмкіндігі артады;
- депозитті тұрақты толықтырып отыру табысты растаусыз тұрғын үй заемын алуға мүмкіндік береді.
Бүгінде Ұлттық қордан түскен қаражатты Otbasy bank мобильді қосымшасы арқылы бірнеше қадаммен алуға мүмкіндік бар.
Талдықорған қаласындағы Авиценна атындағы медицина колледжінің студенті Ақерке Құсман Отбасы банкіндегі жинақ депозитінің мүмкіндіктерін жақсы біледі. Сол себепті ол Ұлттық қордан түскен қаражатын Отбасы банкіндегі жинақ шотына аударып, болашақта баспана алуға қажетті қаражатын жинақтап жатыр.
- Туған жерім – Жетісу облысы Ақсу ауданына қарасты Жансүгіров ауылы. Жазғы демалыстан оқуға келген кезде қаладан жалдамалы пәтер іздеп үнемі сарсаңға түсетінмін. Содан кейін ипотека арқылы пәтер алу мүмкіндіктерін қарастырып, түрлі банктердің ресми сайттарынан ақпарат іздедім. Осыдан бес ай бұрын Ұлттық қордан менің БЖЗҚ-дағы шотыма түсіп жатқан қаражатты Отбасы банкіндегі депозитке аударуға болатынын білдім. Осы мүмкіндікті пайдалану үшін қаламыздағы банк бөлімшелерінің біріне бардым. Банк мамандары маған депозиттің барлық шарттарын түсіндіріп берді. Шарттар көңілімнен шыққан соң, Ұлттық қордан түскен қаражатымды Отбасы банкіндегі жинақ шотыма аудардым. Енді қолыма артық қаражат түскен кезде бірден шотыма аударып қойып жүрмін. Жинақталатын қаражатқа баспана алғым келеді, - деді болашақ медицина қызметкері.
* 3,5% – ЖТСМ 3,6%-дан 4,4%-ға дейін, 8,5% – ЖТСМ 9%-дан 9,6%-ға дейін.