Ахмет Жұбанов 1906 жылы 29 сәуір күні Ақтөбе облысы Темір ауданында өмірге келді. Әкесі Қуан балаларының заманауи білім алғанын қалап, бір бөлмелі мектеп салды. Жаңатұрмыс ауылындағы мектепке білімді, сауатты ұстаз Абдолла Беркіновті шақырды. Бұл мектепте Жұбановтар әулетімен қатар ауыл балалары да білім алған.
Кейін Ленинградтағы техникумда, консерваторияда білім алды. 1933 жылы елге оралып, Алматыдағы музыкалық драма училищесінде еңбек етті. Сол кезден-ақ домбырашылар ансамблін құрып, кейін ол Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестріне айналды.
Ахмет Жұбанов қазақтың күйін оркестрге арнап жазып шықты — өнертанушы
Ахмет Жұбановтың шығармалары, зерттеулері ХХ ғасырдың басы мен орта тұсында жазылғанымен ойлары, ғылыми идеялары өміршеңдігігін әлі күнге дейін дәлелдеп келеді.
Өнертану докторы Сәуле Өтеғалиеваның айтуынша, Ахмет Жұбанов - қазақтың дәстүрлі әнші, күйшілерінің шығармаларын сақтап қалған ғалым. Ел арасында жүріп жинақтады, архив құжаттарына сүйенді.
Сондықтан да қазақтың ән мен күй өнері туралы жазбалары — тарихтың өзі. Әсіресе Құрманғазының өмірі мен шығармашылығы туралы зерттеуі күйші танытты, мол мұраны ұрпаққа мирас етіп қалдырды.
— Халық музыканттары мен олардың шығармашылығы тақырыбында аспаптық орындаушылар, күйшілер, әншілер жөнінде зерттеу жасады. «Ғасырлар пернесі», «Замана бұлбұлдары» атты кітаптары энциклопедиялық сипаттағы зерттеулер саналады. Сонымен бірге көптеген күй шеберлерін жеке таныған адам. «Ән мен күй сапары» және «Өскен өнер» кітаптарында өткен ғасыр мен өз заманындағы ән мен әншілер туралы жинақтады. Зерттеушінің еңбектері көп жағдайда замандастарының ізденістерін де қамтыған. Көрнекті күйші Құрманғазыға арнап жазған монографиясы бірегей еңбек саналады. Ондағы мәліметтер Ресейдің Орынбор, Астрахань, Санкт-Петербург қалалары мен Қазақстан архивтеріндегі құжаттардан алынған. Құрманғазы күйлері нотаға түсіріліп, жарық көрді, — дейді өнертану докторы Сәуле Өтеғалиева.
Ахмет Жұбанов - Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің негізін қалаушы. Алғашында ансамбль болды, кейін оркестр құрды.
Алғашқы құрамдағы күйшілердің ешқайсысы нота білмеді, бәрі де дәстүрлі өнер адамдары еді.
— Сол кездері Орталық Азияда әр елдің халық аспаптар оркестрі құрылды. Соның ішінде Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің орны ерекше болды. Ахмет Жұбанов қазақтың күйін сол оркестрге арнап жазып шықты. Сөйтіп қазақ музыкасын оркестр арқылы әлемге танытты. Өнер ұжымы әлі күнге дейін Ахмет Қуанұлының партитурасы негізінде өнер көрсетіп жүр, — деді Сәуле Өтеғалиева.
Жетімдер үйінде тәрбиеленген балаларды қамқорлығына алып, ғылымға баулыды — Айнұр Қазтуғанова
Ахмет Жұбанов Қазақ КСР Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында өнертану бөлімін басқарған.
Сөйтіп жас ғалымдарды тәрбиелеуге де зор үлес қосты.
— 1946 жылы Ұлттық ғылым академиясы ашылды. Алғашқы академиктер қатарында Қ. Сәтбаев, М. Әуезов, Ә. Бектұров, С. Кеңесбаев, Н. Сауранбаев және Ахмет Жұбанов болды. Сол кезде Қаныш Сәтбаев «Ғылыми майдан басталды. Ұрыста тұрыс жоқ. Енді аянбай еңбектеніңіздер» деп айтқан екен. Осы үндеуді Ахмет Жұбанов қаперінде ұстап, «майданға» кірісіп кетті. Ол өнерпаз секторын ашып, сонда жұмыс істеді, бөлімді басқарды. Арнайы мамандар жетіспегеніне қарамастан кадр дайындады. Ашаршылықты, қуғын-сүргінді, соғысты көрген ұрпақты, жетімдер үйінде тәрбиеленген балаларды біріктіріп, қамқорлығына алып, ғылымға баулыды, — дейді М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі Айнұр Қазтуғанова.
Сөйтіп ғалым шәкірт тәрбиеледі, олардың ғылым еңбектеріне жетекшілік етті.
Ал Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Айгүл Байбектің айтуынша, Ахмет Жұбанов кәсіби музыкалық білім беру жүйесін қалыптастырған.
— Ол ұлттық дәстүр мен еуропалық акамедиялық модельді ұштастыра отырып, жаңа білім беру жүйесін енгізді. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы және халық аспаптар оркестрінің құрылуы осы жүйенің нақты көрінісі болды. Ғалымның педагогикалық концепциясы орындаушы-зерттеушіні қалыптастырды. Яғни музыкантты тек орындаушы ғана емес, интеллектуалды тұлға деп бағалады, — дейді Айгүл Байбек.
Композитор Ахмет Жұбановтың 50-ден астам музыкалық шығармасы бар. Ол қазақтың ән-күйін зерттеп, нотаға түсірген ғалым. Сонымен бірге 300-ден астам мақала, очерк жазған, 10-нан астам кітабын жарыққа шығарған.
Айта кетейік, Ахмет Жұбанов Нұрғиса Тілендиевті бес жасында қамқорлығына алып, күйшілікке баулыған. 13 жасында оркестрдің дирижер пультіне тұрған Нұрғиса 18 жасында әскерге алынып, сол жылы-ақ соғысқа кетеді. 1945 жылы Ахмет Жұбанов күйшіні ресми хаттар арқылы Берлин маңында жүрген жерінен қайта елге алдырған.
Бүгінде ғалымның туған жерінде Жұбановтар музейі бар. Музейде Ахмет Жұбановтың шапаны, сахнаға киген фрагі, аяқ киімі, құжаттар салған папкасы тұпнұсқа күйінде сақтаулы.