ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы кеңесінің отырысында «Н.Назарбаевтың 5 институттық реформаларын жүзеге асыру бойынша 100 қадам» атты ұлт жоспары талқыланды.
Облыс әкімі, Қазақстан халқы БҚО ассамблеясының төрағасы Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өткен отырыста «100 қадамға» байланысты міндеттердің маңыздылығы атап көрсетіліп, ассамблеяның іс-қимыл жоспары бекітілді.
Отырыста сондай-ақ Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы жастар қанатының жетекшісі Игорь Спиридонов пен Ақжайық ауданының әкімі Нариман Төреғалиев атқарылған жұмыстар жөнінде баяндап берді.
Облыстық ассамблея құрамына өзгерістер енгізіліп, қоғамдық келісімді нығайтуға қосқан үлестері үшін елуге жуық ассамблея мүшесі мен бір топ батысқазақстандықтар «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» мерекелік белгісімен марапатталды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).