Ұлттар лигасы: Футболдан Қазақстан әйелдер құрамасы бүгін Люксембургпен кездеседі

Фото: ҚФФ

АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан Қазақстан әйелдер құрамасы UEFA Ұлттар лигасында бүгін Люксембургпен кездесу өткізеді. 

Ойын қазақстандық уақытпен 22:00-де басталып, QazSport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Бұл ойында аталған топта қай құраманың бірінші орын алатыны шешіледі.

Ел құрамасы Ұлттар лигасы С дивизионы үшінші тобында сынға түсіп жатыр. Қарсыластары - Армения, Люксембург және Лихтенштейн.

Алғашқы екі ойында қазақстандық футболшылар Арменияға 0:2 есебімен жеңілсе, одан кейін Люксембургпен 2:2 есебімен тең түсті. Ал үшінші турда Лихтенштейнді 4:0 есебімен тізе бүктірсе, төртінші турда Армениядан 3:2 есебімен басым түсті.

Сондай-ақ 29 мамырда ел құрамасы тағы да Лихтенштейнді 4:0 есебімен тізе бүктірді.

Қазір аталған топта бес турдан кейін Люксембург 13 ұпаймен көш басында тұрса, одан кейінгі орындағы Қазақстанның 10 ұпайы бар. Ал Армения 6 ұпай еншілесе, Лихтенштейннің қоржыны бос.

Айта кетсек, қазақстандық футболшылар 23 мамырда оқу-жатттығу жиыны Алматы қаласындағы «Қайрат» футбол клубының базасында басталды. Дайындық барысында Қырғызстан құрамасымен (3:1, 2:1) екі жолдастық кездесу өткізді.