Ұлттар лигасы: Қазақстан құрамасы сырт алаңда Норвегиядан ойсырай жеңілді
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін футболдан Қазақстан құрамасы UEFA Ұлттар лигасының В дивизионындағы алтыншы ойынын Норвегияға қарсы өткізді.
Ойын басынан норвегиялық футболшылар тізгінді қолына алуға тырысты. Әлемдік футболда жұлдызы жарқыраған Эрлинг Холандтың командасы Алматыда өткен ойындағы олқылықтың орнын толтыруға тырысты. Өзінің айып алаңында қателікке жиі бой алдырған қазақстандық футболшылар оған тосқауыл қоюға мүмкіндігі болған жоқ. Нәтижесінде Холанд 23, 37, 71-минутта үш гол соғып, хет-трик жасады. Сондай-ақ норвегиялық тағы бір шабуылшы Александр Сёрлот 41, Антонио Нуса 77-минутта мергендік танытты.
Бұл ойында ел құрамасы қарсыласына 0:5 есебімен есе жіберді. Салдарынан алты ойында қазақстандық футболшылар бірде-бір соға алған жоқ.
Айта кетсек, ел құрамасы В лигасы үшінші тобында сынға түсті. Қазірге дейін өз алаңында Норвегиямен 0:0 есебімен тең түсті. Одан кейін сырт алаңда Словенияға 0:3, 0:1 , Аустрияға 0:4, 0:2 есебімен жол берді.
Енді Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының алдағы жаңа маусымында қайтадан С лигасында доп тебеді. Ал аталған топта бірінші орын алған Норвегия А лигасына жолдама алды.
Бұл топтағы Аустрия мен Словения 1:1 есебіне қанағат білдірді.
Енді қазақстандық футболшылар 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турниріне дайындалады. Аталған турнирдің іріктеу кезеңінің жеребесі 2024 жылдың 13 желтоқсанында өтеді.