Ұлттар лигасы: Қазақстан құрамасы Аустриядан жеңіліп қалды
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін футболдан Қазақстан құрамасы UEFA Ұлттар лигасының В дивизионындағы бесінші ойынын Алматыда Аустрияға қарсы өткізді.

Кездесу барысында ел құрамасы бірқатар қиындыққа тап болды. Алған жарақатына байланысты Марат Быстров, сары қағаздың көптігіне орай Нұралы Әліп кездесуге қатыса алмайтыны белгілі болды.
Бас бапкер Станислав Черчесов алғашқы минуттан қақпада Стас Покатиловқа сенім білдірді. Ал қорғаныста Ян Вороговский, Александр Марочкин, Әлібек Қасым, Сұлтанбек Астанов ойнаса, жартылай қорғаныста Аслан Дарабаев, Асхат Тағыберген, Бауыржан Исламхан, Бактиер Зайнутдиновке сенім артылды. Ал Абат Айымбетов пен Максим Самородов шабуыл шебінде бой көрсетті.
Алғашқы минуттан аустриялық футболшылар белсенділік танытты. Нәтижесінде олардың қатарынан Кристоф Баумгартнер 15-минутында есеп ашса, 25-минутта Михаэль Грегорич басымдықты арттырды.
Айта кетсек, дөрекі қимылына байланысты Александр Марочкин 23-минутта алаңнан қуылып кетті.
Осылайша Қазақстан құрамасы қарсыласына 0:2 есебімен жеңіліп қалды. Салдарынан олар Ұлттар лигасының алдағы жаңа маусымында қайтадан С лигасында ойнайтын болды.
Ел құрамасы аталған турнирдің үшінші тобында сынға түсіп жатыр. Қарсыластары - Норвегия, Словения және Австрия құрамалары.
Қазірге дейін қазақстандық футболшылар өз алаңында Норвегиямен 0:0 есебімен тең түсті. Одан кейін сырт алаңда Словенияға 0:3, Аустрияға 0:4, өз алаңында Словенияға 0:1 есебімен жол берді.
Енді ел құрамасы 17 қарашада сырт алаңда Норвегиямен шеберлік байқасады.