Ұлттық банк 2026 жылғы инфляция болжамын өзгертті

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлемеге қатысты өткен брифингте инфляцияның өзгеруіне де тоқталды. Оның айтуынша, 2026 жылға арналған инфляция көрсеткіші қайта қаралған.

Фото: Ұлттық банк

— 2026 жылы инфляция 9–11% аралығында қалыптасады деп күтіледі. Бұған дейін бұл көрсеткіш 9,5–11,5% деңгейінде еді. Түзету инфляцияның нақты баяулауымен, тұтынушылық несиелеудің азаюымен және айырбас бағамының нығаюымен байланысты, — деді ол.

Ал 2027 жылға арналған болжам өзгеріссіз қалып, 5,5–7,5% аралығында сақталды.

Ұлттық банк инфляцияның төмендеуін қатаң ақша-несие саясаты, бюджет тәртібі, ішкі сұраныстың тұрақтануы және тарифтік саясаттың болжамдылығы арқылы қамтамасыз етуді көздейді.

— Сыртқы инфляциялық ахуал тұрақталып, Үкімет пен Ұлттық банк қабылдап жатқан шаралар жалғасса, 2028 жылы инфляция 5% нысаналы деңгейге жақындайды, — деді Сүлейменов.

Айта кетейік, Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлеменің төмендеуі теңге бағамына әсер етпейтінін де айтты.