«Инфляцияның қайта төмендей бастауына қарамастан, сыртқы секторда және экономиканың ішкі контурында тәуекел факторларына байланысты бағаларға белгілі бір қысым артқанын айтқым келеді. Ерекше атап өткім келетін фактор – өсіп жатқан фискалдық алшақтықты жабу құралдарына және оны Ұлттық қордың қаражаты есебінен қаржыландыруды жалғастыруға қатысты белгісіздік», - деді ҰБ төрағасы.
Оның атап өтуінше, айырбастау бағамының әлсіреуінен және ақша нарығындағы мөлшерлеме динамикасынан туындаған, біршама жеңілдетілген ақша-кредит шарттарын ескерсек, мұның бәрі базалық мөлшерлемені төмендетуге айтарлықтай шектеу қояды.
«Сол себепті, инфляция және оның орнықты бөлігі тұрақты түрде төмендесе және фискалдық алшақтық мәселесі тиімді әрі жүйелі шешімін тапса, алдағы шешімдерді қабылдау кезінде мөлшерлемені байыпты және теңгерімді негізде төмендету мүмкіндігі қарастырылады. Осы орайда біз алдында жариялаған бағытта әрекет ете береміз. Болжамды кезеңде күтілетін экономиканың өсуін ескерсек, біз қазіргі ақша-кредит шарттарын ұстамды қатаң деп бағалаймыз. Ұлттық банк инфляцияның 5 пайыздық ортамерзімді мақсатына тезірек қол жеткізу үшін ақша-кредит шарттарын осы деңгейді сақтап қалуға тырысады. Біз макроэкономикалық салалық деректерді бақылаймыз. Қарашада болатын болжамды раунд барысында қалыптасып жатқан факторлар мен тәуекелдердің күтілетін инфляция динамикасына әсерін, сонымен бірге жалпы және базалық инфляцияның таргетке жақындау траекториясы бағаланады», - деді Тимур Сүлейменов.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов 9 айдағы қысқамерзімді экономикалық индикатор 4,4 пайыз деңгейінде бағаланатынын айтқан болатын.