Ұлттық банк БЖЗҚ ақшасын инвестициялағанда салымшылардың келісімін неге алмайды

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық банктің Монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынханов Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының ақшасын инвестициялаған кезде салымшылардың келісімін неге алмайтынын түсіндірді.

Фото: прокуратура

- Әлеуметтік кодекс пен Ұлттық банк туралы заңда Ұлттық банк зейнетақы активтерін сенімгерлік негізде басқарушы болып бекітілген. Бүгінгі таңда зейнетақы қорында 22 трлн теңгеден астам ақша бар. Ұлттық банктің міндеті – қордың шынайы табыстылығы. Бүгін дөңгелек үстел кезінде сандарды атадым. Өткен жылдың қорытындысы бойынша инфляция 8,6 пайыз болғанда, БЖЗҚ табыстылығы 17,84 пайыз болды. Сонда біз салымшыларға шынайы мәнде 9 пайыз табыс әкелдік деген сөз. Кейінгі 10 жылдың көрсеткішін қарасақ, жиынтық инфляция 156 пайыз болғанда табыстылық 180 пайыз болды. Яғни кейінгі 10 жылда Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ жыл сайын инфляция деңгейінен жоғары табыстылық көрсетіп келеді, - деді Ұлттық банк өкілі.

Оның пайымдауынша, зейнетақы активтерін басқару қызметі барынша ашық. 

- Ай сайын қордың ресми сайтында бүкіл операциялар туралы ақпарат жариялап келеміз. Бүкіл портфельдің құрылымын ашып көрсетіп отырмыз. Бұл жерде кәсіби тұрғыда сенімгерлік басқарушы деген ұғым бар. Бізге ең бастысы салымшылар үшін қызметіміздің табысты болуы керек. Ол міндетті Ұлттық банк табысты атқарып отыр, - деді Нұржан Тұрсынханов.

Бұған дейін Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының ақшасы қандай жобаларға инвестицияланатынын айтқан еді. Сондай-ақ Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиева Сенатта өтіп жатқан дөңгелек үстелде БЖЗҚ-дағы қаржысы азайып қалғанына жиі шағымданатын салымшылар туралы пікір білдірген еді.

Биыл банктерге БЖЗҚ-дан қанша ақша берілетіні туралы да жазған едік. Сонымен қатар Ұлттық банк БЖЗҚ-ның Air Astana-ға ақша салғаны қате болды ма деген сауалға жауап берген болатын